Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  69


Автор: Әзия Мағыперқызы

Ілеге тойға бардым

Той жайлы тоқсан толғап ойланар кім,
Топқа ілесіп Ілеге тойға бардым.
Жапыраққа жазылған жан сырым бұл,
Бой тұмары осы жыр бойдағы ардың.
Ең әуелі қарсы алды Сайрам күліп,
Сауға ұсындым Сайрамға айдан жұлып.
Кеңсай қыздың секілді өмір жолы,
Арда таулар сияқты арман жігіт.
Тарихы боп көрінді талқы маған,
Намысымен танытар нарқын адам.
Тәңір жыры тәнті еткен Таңжарықтың,
Халқына дәт, қалдырған артына ән.
Қалаң-дағы, далаң-дағы, балаң-дағы,
Қасиет жақсылардың жан арманы.
Бағыңдағы тәтті алма секілденіп,
Ерте пісті тәтті ойлар санамдағы.
Қызарып қырдан асқан қырмызы күн,
Қылығындай қымбатты қыр қызының.
Орда тіккен осынау арда алқапқа,
Қызай деген ананың бір қызымын.


Естілгенде қыраттан қиқулап ән,
Әсетті іздеп сандалған сиқым жаман.
Ұлыма тұлпар болар тай мінгізді,
Таң алдында түсімде үйсін бабам.
Күлтелі мекен екен Күнес деген,
Самалы санаңа да, жүрекке де ем.
Мынау сайын даланы өрнектеген,
Күнестіктер не деген күрескер ең.
Суреттеуге тіл жетпей наратыңды,
Шабыт дейтін талдырдым қанатымды.
Ақын жырын ақ самал тәңір таудан,
Жайырдан, өр Алтайдан ары асырды.
Ақөзенде ойнаған ақ шағалаң,
Шабыт берді шалқыған шақта маған.
Көкөзенді көргім кеп көксеп кеттім,
Әдемі ән шығарған аппақ анам.
Ақ толқындай толқимын Іле десем,
Ілеге тек ізгілік тілеп өтем.
Мысыр менен бейстің арасында,
Мұндағы ел көшіп-қонып жүреді екен.
Іле десем ілеспей жырыма мұң,
Тамырымда тулайды тұнық ағын.
Ұрпағына қалдырып ұжымақты,
Архивінде жатпай ма ұлыларың.
Сыйлайтын шаттық жайлы кілең өлең,
Аруақты мекен екен Іле деген.
Біреу маған жүр десе Іле жаққа,
Көрден де көзімді ашып түрегелем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу