11.09.2022
  116


Автор: Мүсілімжан Шәріпқанқызы

Таңжарықтың тоғысып жүз жылымен

(Поэма)
Өмірде сенім-мұрат арман ұлы,
Ғаламат мұны адамның аңғаруы.
Көктеткен ой самырсын өлкесіне,
Өлмейді туған елдің Таңжарығы.
Құзырлы бар ғұмыры, бар дәуірі,
Сақталған зердесінде ар қадыры.
Қажырын қайсарлықтың мұқалтпаған,
Жауының кезелсе де қандауыры.
Керемет өлмес ғұмыр жалғануы,
Кісілік киесінің талғамы ірі.
Ғасырға қасиетін таныстырған,
Жасайды ел есінде заңғар ұлы.
Сөйлесе кешірмесін «түрме халы»,
Қажымас рухынан тіл қатады.
Кездігін кекке жанып алмас тілдің,
Жүректен дабыл даусын тыңдатады.
Алса да қатал тағдыр шеңгеліне,
Ілескен айбатты сыр керуеніне.
Аманат омарта ойын тастады ма,
Адырлы ақөзеннің белдеріне.
Ұшырса айдын көлі шағаласын,
Ақынныың елестетті салауатын.
Ақөзен толқыныңнан сыр ұғайын,
Асқарың Таңжарық боп саналатын.
Ақөзен, Таңжарыққа нар анасың,
Байлаған балдырыңа шаранасын...
Көкірегін қақ айырса елім-айлап,
Сызатын жүрегінің жамағасың.


Ақынға дарытпайсың тегін айбат,
Мәнді өмір кешкені хақ елім-айлап.
Қамалын қастандықтың бұзсам-ау деп,
Кектенген қас жауына кегі қайнап.
Ақөзен - Таңжарықты туған мекен,
Демеймін ел мейірін нұрдан бөтен.
Жарысып желмен бірге жеттім саған,
Әз халқың ар-намысты ұжданды екен...
Жол алғам саған қарай сәтті күні,
Естіліп елеңдеткен ат дүбірі.
Көрсетті меймандостық пейілдерін,
Тәкеңнің туған елі бақ тұғыры.
Ақ пейілі ақсамалдай сүйді беттен,
Тәкеңді сол дарқандық тұйғын еткен.
Жайсаң ел ақөзенде тірлік еткен,
Айналдым сендердегі шын ниеттен.
Өмір-ай, сынаптайын сырғып өткен,
Сан ақын сыбағаңды жыр қып өткен.
Ойнатып бір күні мұз, бір күні отпен,
Сынағың мұңлық еткен, сұңғыла еткен.
Таныстым еліңмен де, жеріңмен де,
Сырластым желіңмен де, серіңмен де.
Түсіндім ерен елдің сағынышын,
Ақ жауын аспаныңнан төгілгенде.
Тарихың алып таумен кіндіктесіп,
Таң қалдым жатқан елге тірлік кешіп.
Сыйлапты-ау асқақ дарын ардагерге,
Кір жуған құт мекені кіндік кесіп.
Сырлы аймақ құзырың мен киең десем,
Жаныма жыр сыйладың өртеңге тең.


Ақ тілеу, ақ дәміңе ортақ еткен,
Шәрбәтті ел шарапатты киең бе екен...
Тербеліп ырғағымен ақ батаның,
Басталған ақ өзенге ақ сапарым.
Туған ел ақ жол тілеп аттандырған,
Аруағы қолдасын деп жақсы атаның.
Сәлемін арқалатып маған ел көп,
Сыйлаған мол ырыздық бағалы еңбек.
Тілеулес сапарыма болған елім,
Жасымнан тұлпарлардан қара көр деп.
Мирасым әке көрмек, ана көрмек,
Зердемнен сыздыратын сарана өрнек.
Есімде ескерткені қарттарымның,
Сарқытын Таңжарықтың ала кел деп.
Ойыма сонда түнеп еңселі ұғым,
Желдірттім желмаясын ертегінің.
Қондырған нағашы ағам биялайға,
Қыран құс болды менің жол серігім.
Жүректе ақ сәулелі тербеліп ән,
Болғандай сезінемін мен де қыран.
Жол болсын жолаушыға айтатұғын,
Мәңгілік ата дәстүр өлме мұрам.
Жаратқан келбетіңді даралаған,
Бойыңнан күмбірлі күй, тараған ән.
Ақ орда қос аққуға бағалаған,
Ақөзен аумағына тағы оралам.
Арысын арда емізіп аялаған,
Ақ тұмаң басталды екен қай арадан?
Көп екен көрегендер, көне көздер,
Еншісін езудегі аямаған.


Болған ем соларменен несібелес,
Оралды кеңесінен есіме елес.
Ойымды отарлатты соны аумаққа,
Дариға-ай, шежірелі осы кеңес.
Елеңдеп бар жайыңа сұрастырдым,
Жетсем деп байыбына сынап сырдың.
Әйтеу бір тілсыматтың бәр-бәріне,
Зерделеп құмартумен құлақ түрдім.
Шежірең шертілетін мың қатпарлы,
Қарттарың қазыналы сырды ақтарды.
Көңілінде естілердің құндақтаулы,
Мен үшін шешуі жоқ жұмбақ қалды.
Егей ел, ақылман мен данагер көп,
Ойымнан орын алдың дара боз боп.
Жұмбақ сыр шерте берді қариялар,
Шырағым таудың үсті қара көл деп.
Арқаулы ел ұлы тауда өсіп-өнген,
Қиялым асу асқан көшіңе ерген.
Қалыпты қойнауыңа дән шашылып,
Тірлікте теріп жейтін несібемнен.
Естісем шежіреңді аңыстардан,
Аңсадым тіл келуді сауысқаннан.
Арқау боп Әшім күйі, Тәкең жыры,
Ақ тілек, арнаулы ой, қауышты арман.
Су бүркіп кіл сезімнің қолтығына,
Өмірдің шомылдырам толқынына.
Көл жайлы қиял кешкен сәттеріме,
Ақ бас шың асау өзен болшы куә.
Көл жайлы кім айтар деп дерек маған,
Тілдесер пенде іздеумен дедек қағам.


Тұңғиық сыры жұмбақ хикаяға,
Құмарта қалады екен ерекше адам.
Өмір-ай, сенен өлмес сабақ алам,
Талапсыз тиянақты ой таба ма адам.
Дананың даналығын даралаған,
Ақөзен болсын тауың, далаң аман.
Тау деген талғам іздеп мағынадан.
Үкілі үмітімді тағам оған.
Архиві тарихымның асқар тауым,
Тірлікте болмаса екем саған алаң.
Болса да жерге ынтығым, елге ынтығым,
Ұға алмай кетіп барам көлдің сырын.
Сұрау сап жоғалғанын іздейтұғын,
Із қуған қарауылдан шолғыншымын.
Жудырып жанарыңның мөлдір шығын,
Ақ сезім, ақ сазандай көлге ыршыдың.
Қондырдың қиялымды құз басына,
Орап ап арасына ой бұлтының.
Серуенім өтсе-дағы маңдайлаған,
Қара көл сырларына қанбай барам.
Қарасы қылаң беріп шалғайлаған,
Сыр үшін жүрек бар ма сарғаймаған.
Жетелі сыр шағайын желге барып,
Сертіне жете алмаған пенде барып.
Қондырған төбесіне қара көлді,
Қайтайын тау арманын теңдеп алып.
Ұрпағымын заңғармен тілдес елдің,
Теңдессіз тектілігін үлгі етермін.
«Ұзын арқан, кең тұсау» үміт деген,
Сенемін, көл сырына бір жетермін.


Бір күні көл, бір күні сел кешермін,
Талай сырлы жұмбаққа кездесермін.
Бота тарих боздаса боз далаңда,
Жоқшың болып жоғыңды көздесермін.
Осылайша беремін сенім елге,
Жетелейді сертімнің сенімі өрге.
Қиялымды қыдырттым қара көлге,
Үмітімді шығарып сері белге.
Үмітімді шығардым сері белге,
Сенім-мұрат сертінен шегінер ме.
Ғашық әнін шырқаған қол ұстасып,
Анар-сәуле сағым боп көрінер ме.
Қорғасындай көңілім ерігенде,
Ару сезім ақ таңда көз ілер ме.
Аңсау деген азапқа араласам,
Жерінен бе, ақ жарқын елінен бе?
Болатұғын жаныңа ізгілік ем,
Таң сәулесін жамылып үздігіп ем.
Арман ойды айдынға жүздіріп ем,
Таңжарықтың тоғыстым жүз жылымен.
Бірлігіме мақтанған тірлігіме,
Дәм тартып егей елден сырды ұғып ем.
Көп сәлем той жасаған торқалы ауыл,
Түтіні түзу ұшқан түндігінен.
Таныс қып тарихыңның шындығымен,
Ақынға шалқар шабыт тудырып ең.
Арыстың бір ғасырлық мерейіне,
Марапат арнамақпын жыр гүлінен.
Жаюлы жапырақ жүрек сыбдырымен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу