Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  360


Автор: Сағыныш Намазшамова

Жанға батып жауабы жоқ сұрақ тым...

Жанға батып жауабы жоқ сұрақ тым,
Мен несіне сені шексіз ұнаттым?
Қалай жылдам өзгергенсің, шуақтым,
Түсінбедім, маған нендей кінә арттың?
Мен бойжеткен, сен де емессің бозбала,
Жалған айтып жалтармашы көзді ала.
Өзге біреу өзегіңді өртесе,
Бірден ұғам, онда әңгіме қозғама.
Селт етпейсің, сергелдеңге салдың да,
(Төтеп беріп келген ем ғой бар мұңға).
Менің сені тергеуге алар қақым жоқ,
Жауап бер тек сезіміімнің алдында.
Бір себебі болу керек әр жайдың,
Енді несін өзімді өзім алдаймын.
SMS хат жазып енді мазалап,
Бейуақта телефон да шалмаймын.
Айтылмаған қалды талай менде сыр,
Ендігі оным жырға айналды көл-көсір.
Нөміріңді мен де өшірем, сен де өшір.
Көңілімнен мен де өшірем, сен де өшір.
Сен қажетсіз көрген шуақ арайлы,
Жұдырықтай жүрегімнен тарайды.
Көште қалған Көксеректей қыңсылап,
Соқыр сезім жан жарамды жалайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу