Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  84


Автор: Сағыныш Намазшамова

Алты аласым жоқ сенде, бес бересім...

Алты аласым жоқ сенде, бес бересім,
(Ала берем жиілеу еске несін),
Кілт бұрдым тез көңілсіз көш кемесін.
Енді мәлім кейіннен кеш демесім,
Сенің атың мен үшін өшкен есім.
Махаббатың болған соң бұйдалы ағын,
Қасарыстым шығармай қимаған үн.
Жаңа білдім, сол алғаш сәттен бері,
Арзан күндер екен-ау сыйлағаның.
Жанарың жат боп шықты, сөзің сұйық,
Күлге айналды мендегі төзім күйіп.
Жалықтырды бәлкім, ор, асқақтығым,
Тұрмаған соң иіліп, өзім сүйіп.
Келісе алмай, тағы да ара күдік,
Жолда қалды жүре алмай жаралы үміт.
Сен санамнан сызылдың, есігімді
Қатты жауып кеттің де, қара жігіт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу