Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  85


Автор: Рза Қунақова

Қарындасын ертіп қасына...

Қарындасын ертіп қасына,
Күнбай ағай келеді.
Күріштіктің басында
Əңгіме айтып береді.
– Сүйсең егер еліңді,
Ақ күрішті баптаған.
Қалдырам саған жерімді,
Сенімді, қалқам, ақтағын.
Сырын ұқ ақ маржанның,
Күтімді ол сүйеді.
Құны болмас арзанның,
Еңбекке ел бас иеді.
Сырдың болсаң түлегі,
Сырын білгін күріштің.
Ол – байлықтың тірегі,
Ол – бастауы ырыстың.
Көңілмен ұқ сезімді,
Бұл айтқаным – аманат.
Ізбасар еттім өзіңді,
Естілді соғыс жаманат.
Аттанам ертең майданға,
Орнын бас, жаным, ағаңның.
Жүрсем де, гүлім, қай маңда,
Тілектес болып бағармын...
– Күндерін өткен ойға алып,
Күнбай аға тұрды үнсіз.
Аға сөзін ойланып,
Тулайды жүрек тынымсыз.
– Жарайды, – деді кенеттен, –
Дірілдеп дауысы Ұлбала.
Өсірем дəнді сен еккен,
Маған да ыстық бұл дала.
Сеніміңнен шығамын,
Кірісем бүгін ісіме.
Айтқаныңды ұғамын...
Сенсе үлкендер күшіме, –
Деп, Ұлбала ағасын
Ұзатты алыс сапарға.
Сүйген соң Сырдың жағасын,
Келді еңбекке, қатарға.
Үлкендер айтса ақылын,
Ұлбала оны тыңдайды.
Кетпенін алып ақырын,
Қопсытып жерді тынбайды.
Күн өткен сайын күріштің,
Сиқырлы сырын ұқты ол.
Бейнетін көріп ырыстың,
Аршындап алға шықты ол.
Табыс өзі келмеді,
Жігерін салды ойдағы.
Жанып оның еңбегі,
Жұрт жетекші сайлады.
Звено жеке бөлінді,
Жетекші болды Ұлбала.
«Алам, – деп – бітік өнімді» –
Уəде берді бір ғана.
Бар көлік – соқа, ат, тырма,
Қалғанын қолмен істейді.
Болдырса арық ат қырда,
Бармағын олар тістейді.
Еңбек еткен жасынан,
Ұлбалаға сүйіндік.
Өтті ғой оның басынан,
Талай ауыр қиындық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу