Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  148


Автор: Рза Қунақова

ДИРЕКТОР

Көрінбейді айнала
Боз тұман басты құм бетін.
Жылжиды «Газик» жай ғана,
Өнбейді жүріс түнде тым.
Сес беріп күннің ызғары,
Түнерді аспан кенеттен.
Сіресіп құмның мұз-қары,
Тартады шегін жел өктем.
Келеді қай маң, қай жерде,
Аңғармайды адам ештеңе.
Көрінбейді Құмбел де,
Кездеспейді еш пенде.
Жоғалғандай Жүндіжал,
Алыстап кетті Шөлқұм да.
Болады ұзақ түнгі жол,
Адасқан талай ол мұнда.
Құм жайы аян бірақ та,
Директор оған саспайды.
Қыстаудың бəрі жырақта,
Іздейді арыс Ақсайды.
Жел мен ойлар жарысып,
Бермейді маза адамға.
Ақ құйынмен алысып,
Келеді «Газик» боранда.
Бетіңді қарыр ызғарың,
Сықырлап аяз түндегі.
Жүз елу əлде жүз қырық
Қалды, сірə, құм жолы.
Таусылар емес бірақ ол,
Шаршады шофер бала да.
Бір таңға бірақ шыдар ол,
Жігіт қой өскен далада.
Бір сəтке ой жүгіртті,
Директор сонау өткенге.
Жылт еткен жақсы үміттің,
Бəріне қолы жеткен бе?
...Қырқыншы сонау жылдары
Құп-құйттай еді осы ауыл.
Əскерге кетті ұлдары,
...Басталды кенет бір дауыл.
Директор онда жас еді,
Колхозда шопан болатын.
Бір отарға бас еді,
Мақтаса ауыз толатын.
Көп кешікпей бірге елмен
Əбдір де кетті майданға.
Қоштасып туған ел, жермен,
Аттанды қарсы ойранға.
Даламыз гүлге оранды,
Бөленді көгім əн-күйге.
Жеңіспен елге оралды,
Жауынгер солдат Əбдір де.
Сағынып солдат баласын,
Туған ел шығып қарсы алды.
Өзі өскен совхоз «Таласы»,
Жеңісті тойлап əн салды.
Құрылды завод алғашқы,
Совхозында «Таластың».
Əбекең болып қолбасшы,
Негізін оның қаласты.
Қолынан бермей намысты,
Аянбай еңбек етті ол.
Заводы болып табысты,
Табысқа талай жетті ол.
Жыл сайын өсті қойлары,
Төлдеді егіз-егізден.
Іске асып басшы ойлары,
Жаңашыл оны дегізген.
Елу бір мыңға жетеді,
Бес жүз қойы баяғы.
Есімі тарап кетеді,
Облысқа атын жаяды.
Əнетбай, Əблемет, Ысқақтар –
Жүлдегер шопан белгілі.
Қой бағуға тіс қаққан,
«Шеберлер» дейді ел мұны.
Елеңдеп жүріп əр күнге,
Жаңадан жаны от алды.
Еңбегімен Əбдір де
Еңбек Ері атанды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу