Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  115


Автор: Рза Қунақова

ҚЫСҚЫ ОРМАН

Ұстасаң сынатын,
Жапырақсыз қайың тұр.
Билеуге шығатын,
Солдаттай дайын тұр.
Шыршалар жалбырап,
Ақ қарға көмілген.
Мұз моншақ салбырап,
Жақұттай көрінген.
Естілмес дауысы,
Сайрамас құстарым.
Қызығын тауысып,
Кешірген қыс бəрін.
Əр жерден тақылдап,
Бір дыбыс жаңғырған.
Жем іздеп тоқылдақ,
Орманды даң қылған.
Ақ дала аруға
Тимеген қамшы да.
Аң аулап баруға
Ерінген аңшы да.
Бұзылмай қаймағы
Күміс қар жалтырап.
Орманның аймағы
Жел тұрса қалтырап.
Жоғалтып қызығын
Қыс – шалға бағынған.
Араның ызыңын
Ормандар сағынған.
Келмейді күш қолдан,
Кейде осы күйге енер.
Мұңайма, қысқы орман,
Көктемде əн-күй келер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу