Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  184


Автор: Рза Қунақова

ОЙЛАН, БАЛАМ

Мен шықпаған биікке,
Сені шықсын деймін мен.
Қатайса деп қанатың,
Қалғым келмей күйікте
Бар қамыңды жеймін мен.
Көре алмаған қызығымды,
Саған ғана ұсындым.
Мезгілсіз түскен
Маңдайдағы сызығымды
Көрмесе деп қысылдым.
Мен əкемнің мойнына
Асылмадым еркелеп.
Соғыс бұзды
Ойын менен тойды да,
Мен есейдім ертерек.
Күндіз-түні тас басып,
Үй көрмеді анамыз.
Қырманшы мен шөпшілерге
Зыр жүгірдік, ас тасып.
Сонда-дағы
Шаршамаған боламыз.
Ойыншықты көз көрмеген
Саған ғана сыйладым.
Суретімсің өзгермеген,
Тіпті туған əкеңе де
Иіскеуге қимадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу