Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  124


Автор: Рза Қунақова

ЕГІЗ ГҮЛ

Алатауда өскен екі егіз гүл,
Екі ел болып атанамыз бірақ та.
Екі ел дарқан, екі ел мұхит, теңіз бұл
Сағынамыз, кездеспесек бір апта.
Екі ел көшсе, жайлау болған мекені,
Мал айдаған Алатаудың төсінен.
Киіз үйді қатар тіккен екі елі,
Шатастырмай, танимыз ғой көшінен.
Қазақ, қырғыз турист, кенші ертеден,
Жолдар салған тау менен тас шыңдарға.
Күйші болсам, мың толғауды шертер ем,
Көшіп жүріп бармай қалған шың бар ма?
Осындайда батырлықты меңгердің,
Əкелердің ерлігіне мақтанып.
Махамбет пен Манасты біз тең көрдік,
Талай жауды талқандаған аттанып.
Күміс найза жарқылдаған алмастай,
Теңдік үшін жауға қарсы қайралған.
Олар – қыран, қанша ұшса да талмастай,
Жердің шарын мың мəртебе айналған.
Əкем менің армандаған жасынан,
Шат өмірді дəл қазіргі мен көрген.
Ақ қалпақты тастамайды басынан
Қара құндыз бөркіменен тең көрген.
Бірге шерткен домбыра мен қомызды,
Күй төгіліп екі шектен саулаған.
Еске салар өткен-кеткен көп ізді
«Ош-Ботайың» «Сарыарқадан» аумаған.
Алатауда өскен екі егіз гүл,
Екі ел болып атанамыз бірақ та.
Екі ел дарқан, екі ел мұхит, теңіз бұл,
Сағынамыз, кездеспесек бір апта.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу