Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  80


Автор: Рза Қунақова

ҚАЙТПАДЫҢ

«Хабарсыз кетті», – деп анам,
Армандап сені іздейтін.
Зарығып əркез боп алаң,
«Келер», – деп, күдер үзбейтін.
Зымырап өтіп жылдар да
Əкелді талай жаңалық.
Ер жетті сəби ұлдар да,
Жасарды ауыл жаңарып.
Өзіңмен қатар жігіттің
Ақ қырау басты самайын.
Үзбедім жақсы үмітті
Көргенде соның талайын.
Өзіңмен қатар қыздар да
Бүгінде ана байсалды.
...Дəмемен жүрген Сіз барда...
Кейбір қыз көрсе, тайсалды.
Жабырқап жаным жасиды,
Күрсінсе анам «аһ», – ұрып.
Маған да жаны ашиды,
Сүртеді көзін жасырып.
«Жалғызбын» демен бірақ та,
Бауырлар бар ғой алдымда.
Ауылдан, бізден жырақта
Ескерткіш боп қалдың ба?
Талдырып көзін талайдың,
Соғыстан аға қайтпадың.
Жаман-ау жоғы ағайдың,
«Жеңге» деп ешкімді айтпадым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу