Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  53


Автор: Рза Қунақова

БЕС ШЫНАР

Бəрінен кіші болсам да мені тыңдаған,
Қиындыққа да қысылшаң кезде шыңдаған.
Өтті олар өмірдің небір қиын өткелін
Болса да нəзік, майысып ешбір сынбаған.
Десе де бізді ауылдас халық «жетімек»,
Бес шынардай толықсып біздер өсіп ек.
Əкенің аңсап маңдайдан келіп сүйгенін,
Жете алмай сол бір сағымды қуып өтіп ек.
Жас анам бізді жабырқап жүріп жеткізді,
Сарп етіп бар жас ғұмырын да өткізді.
Маңдайдан сипап аялы алақанымен
Мəпелеп жүріп, ұшырды ұядан көп қызды.
Анашым, анам жетелеп өтті біздерді,
Аналық жүрек баладан күдер үзбеді.
Əке де өзі, шеше де өзі – қамқоршы,
Басқаға барып, телміріп көзін сүзбеді.
Жыл өткен сайын ер жеттік, біздер есейдік,
Қабырға қатып бейнетін алдық шешейдің.
Біріміз емес, бəріміз бірдей құрметтеп,
Қайнатып шайын, көрпесін мамық төседік.
Кешегі қыздар қолқанат бүгін атандық,
Етсе де тағдыр жастайымыздан қаталдық.


Сонау бір сойқан сұм соғыстың да кезінде
Ақ жүрегінен анамыздың жылу от алдық.
Бесеуміз қазір бес рулы елдейміз,
Сағынсақ, бір-бірімізге «кел» дейміз.
Бас қоссақ егер бір жерге бала-шағамен
Асқар таудағы асу бермес белдейміз.
Қайран анам, осының бəрін көрмедің,
Көруге тағдыр уақыт саған бермеді...
Бес шынарың жапырақ жайды артыңда
Тұрғанда біздер сен ешқашан өлмедің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу