Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  96


Автор: Рза Қунақова

ҚАЗАҚ ҮЙ

Жасыл мақпал жерлерге тігілетін қазақ үй,
Жұмыртқадай ақшаңқай көзді тартқан ғажап үй.
Шілдедегі ыстықта самал болған қазақ үй,
Батырларға бекініс қамал болған қазақ үй.
Бұл ғажап үй төзімді аязыңа, қысыңа,
Жайбар жауса нөсерлі, су болар деп қысылма.
Сол себепті ол даланың қақ төрінде тұрады,
Қай жолаушы болса да, аттың басын бұрады.
Ата-бабам мекені, баспанасы – осы үй,
Кең далада қазақтың астанасы – осы үй.
Абай атам отырып, өлең жазған қазақ үй,
Қазақ, орыс досын да қабылдаған ғажап үй.
Арман-мұңын жыр етті менің атам Жамбыл да,
Дүниені толтырып бөлендірді əн-жырға.
Даласындай кең келер киіз үйі елімнің,
Мен сол үйдің қызымын, мен сол үйге келінмін.
Əн шырқасаң керемет ашып қойып түндікті,
Жымыңдаған жұлдызы сұлу-ақ қой түн тіпті.
Сайрағанын бұлбұлдың жеткізеді кереге,
Түріп қойсаң кереге – кəдімгі бір терезе.
Самал соқса іргеден бетіңізді аймалап,
Сығаласа түндіктен жылт-жылт етіп Ай қарап.
Шіркін, сонда ұйықтамай, жатар едің балбырап,
Ағып жатса тұсыңнан сылдырлаған балбұлақ.
Бақыт таңын сондағы ұмытуға мүмкін бе,
Балалыққа қайтадан ораласың бір күнде.
Өмір – деген мықтының қызығына тоймайсың,
Сол өмірдің сол үйде қысқалығын ойлайсың.
Даласындай кең келер киіз үйі елімнің,
Мен сол үйдің қызымын, мен сол үйге келінмін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу