Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  84


Автор: Рза Қунақова

АУЫЛДАҒЫ ƏЖЕЛЕР

Ауылдағы əжелердің дарқандығын сұрама,
Əр адамға сақтайды олар мүше-мүше сыбаға.
Отыра қап айтып кетсе, жеті атаңды тізеді,
Шеттерінен ағып тұрған əрқайсысы ғұлама.
Əжелердің барлығы да көнелердің көздері,
Ауызында мақал-мəтел, ақындардың сөздері.
Есте алғанда жастық шағын
«жар-жар» айтып кетеді,
Осылар-ау, əнші құстар ғасыр кешкен түздегі.
Ауылдағы əжелер ғой дариядай шалқыған,
Айналады отырып-ап өскелең ел, халқынан.
Алқа-қотан жиналысты жат көрмейді, жаны жас,
Сауық жанды қалмайды да
орден таққан қартынан.
Ауылдағы əжелер ғой шаңырақтың шаттығы,
Жұрттың бəрі өз баласы, ешкімге жоқ жаттығы.
Аттандырар ақ тілеумен бара жатсаң сапарға,
Көзден шыққан тамшы жасы көңілінің ақтығы.
Ауылдағы əжелерді аңсамай жан тұра ма,
О, аналар, мейірбандар, ортамызда бол аман.
Көнелердің көздері де, кемеңгердің сөздері,
Ауылдағы ақ əжелер шеттерінен ғұлама!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу