Өлеңдер ✍️

  11.09.2022
  65


Автор: Рза Қунақова

МЕНІҢ СЫРЫМ

Ой теңізін сапырып, көз ілмеймін талай күн,
Суреті жоқ əкемнің сағынғанда қарайтын.
Жабығамын, жасимын ойға батып кейде осы,
Неге, неге қалмаған əкемнің бір бейнесі?
Ойлаған ба, жан əкем, сұм соғыстың шығарын,
Сағынарын, аңсарын аялаған шынарың...
Сағынышын арқалап аттанды анам өмірден,
Жоқ болса да дерегі кетпейді əке көңілден.
Хабарсыз боп кеткені қабырғама бататын,
Фамилиямды өзгертпей, жүрмін атын ататып...
Жиендері сұрайды: «Нағашы ата қайда?» – деп,
Ол кездерде жəне де қаламын бір қайғы жеп.
«Атаң ғой, – деп жұбатам, – алып берген Жеңісті,
Соның нұры, – деймін мен, – жарқылдаса жер үсті.
Сені менен мен үшін оралмады атамыз,
Ол белгісіз солдат қой шежіреде аты аңыз...»
Ой толқыны тербетіп, көз ілмеймін талай күн,
Суреті жоқ əкемнің сағынғанда қарайтын.
Көзкөргеннен сұрасам, кездескен кейде осы:
– Сенсің, – дейді, – əкеңнің аумаған нұр бейнесі!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу