Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  91


Автор: Рза Қунақова

СУРЕТ

І
Таныс маған жасымнан
Суреті ағаның.
Өткізген оның басынан
Жайларын еске аламын.
Əкеймен бірге қой бағып,
Байларға жалшы болыпты.
Тағдырына ол налып,
Аязда қатты тоңыпты.
Қақаған қаңтар таңында
Əкем малға бармапты.
Батқан соң азап жанына
Байдың тілін алмапты.
– Ұлиды боран қасқырдай,
Жайым жоқ үсіп өлетін.
Киім бер жылы, тақсыр бай,
Жайым жоқ онсыз көнетін. –
Десе əкем,
бай ақырып,
Соққыға оны жығыпты.
Қиналып жаны шарқ ұрып,
Əкемнің көзі шығыпты.
Сол дертінен айықпай,
Қор болып əкем қалады.
Қайранда қалған қайықтай
Жас бала қойды бағады.
Өтті жылдар азаппен,
Бір хабар елге тарайды.
Атады деген азат таң,
Шұғыла шашып арайлы.
Деп шуласты ата-ана,
Құтыламыз қорлықтан.
Жігіттер тыныш жата ма,
Азап тартқан зорлықтан.
Бокин бастап топ құрды,
Бірігіп қазақ жігіттер.
Өз еркімен кеп кірді,
Болып үлкен үміткер.
Осы топқа ағай да
Іздеп барып қосылды.
Жастарды келген талайға
Шалдар да қалмай жосылды.
Бақытқа жаңа кенеліп,
Дертінен əкем сауықты.
Аш аюдай сенделіп,
Сұм бай да жер ауыпты.
Бағына бүкіл адамның
Жаңа өмір бізде басталды.
Шапағы нұрлы заманның
Шалқытты кəрі-жастарды.
Қарашы қандай тамаша,
Колхоз болып бірікті.
Тұрмыс құрып жаңаша
Бастады халық тірлікті.
Білім, еңбек өнердің –
Бəріне жол ашылды.
Нұрға халқым бөленді,
Бастап жаңа ғасырды.
Көре алмай жас Отанды,
Жаулар тісін қайрады.
Қолдарына от алды,
«Құртамыз» деп ойлады.
Тұрса да жаулар анталап,
Дегені бірақ болмады.
Осынау біздің ер халық,
Бақытын жаудан қорғады!
Дарқан өмір тыныштық
Нұрын төкті тағы да.
Туған жердің тым ыстық
Гүлдер өсті бағында.
Топырағында торқалы,
Асыр салып ойнадым.
Сүйдім өскен ортаны,
Қызығына тоймадым.
Қойны толы егінге,
Далам қандай тамаша!
Бақыт құшқан елімде
Анам қандай тамаша.
Уайым жоқ көңілде,
Бала қандай тамаша.
Еркіндеткен еңбекті,
Түрлендірген жер-көкті
Ерлер қандай тамаша!
ІІ
Ол кезде мен он жаста
Ес білетін баламын.
Аттанды ағай соғысқа
Қия алмай, ұзақ қарадым.
Қорғау үшін Отанын
Аттанды біздің ағай да.
Жаутаңдап көзі ботаның,
Жабырқап қалды маңай да.
Отты күндер дауылы
Өтіп жатты осылай.
Хабарсыз кетті бауырым
Сарғая күттік жасымай.
Екі, үш ай хабар кешікті,
Белгісіз бізге себебі.
Күтсек те қанша сарғайып,
Болмады ешбір дерегі.
Бір күні бір хат тосыннан
Қолына тиді анамның.
– Ойпыр-ай, бұдан шошынам,
Қолы емес жазған баламның.
– Деді де анам сұрланып,
Оқытты көрші балаға.
Əр сөзін хаттың тұр бағып,
Анада сабыр қала ма?
Жазыпты оны жолдасы:
– Айрылдық асыл достан, – деп.
– Оққа ұшты талай ер басы,
Өтті ғой нелер бастан, – деп.
– Азамат сіздің балаңыз,
Отаны үшін жан қиды.
Болсын деп азат даламыз,
Көрсетті ерлік сан қилы. –
Моншақтап ыстық жастары
Анамның кетті реңі.
Жас парлап көзден жас жары,
Малынды шерге жүрегі.
«Ах» десе, жалын аспанға
Жүректің шерін атады.
Жара түсті жас жанға
Жаныңа сол-ақ батады.
Үміті күткен сағынып,
Үзілді мүлде осылай.
Тағдырға қатал бағынып,
Қайғыға баттық, досым-ай...
Суретін алып қолына
Қарайды əжем бүгінде.
Батса да жара жаныңа
Дей ме екен үміт «түңілме».
Еске алып мен де ағамды
Суретке төнемін.
Ол қорғаған даламды
Келеді гүлге бөлегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу