Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  52


Автор: Рза Қунақова

ЖЫР ЕТЕМІН

Көргенім жоқ ескі өмірін қазақтың,
Тартқаным жоқ тауқыметін азаптың.
Күн-күн сайын өмірімде жаңалық –
Айналама көз жіберсем, ғажап тым!
Айтса анам өткендерін басынан,
Ауыр тағдыр арқалапты жасынан.
Ошақ қасы, отбасынан ұзамай,
Асыл жаны өксуменен жасыған.
Көргенім жоқ көргендерін анамның,
О, Отаным, сенің ерке балаңмын.
Қайда барсам, қайнап жатқан өмір бар,
Құрылыс бар кең қойнында даламның.
Текке өткізіп жүргенім жоқ күнімді,
Ұштастырдым еңбек пенен білімді.
Қалам алып, тебірене жыр жазам,
Естіртуге туған елге үнімді.
Жыр етемін Отанымды, өлкемді,
Сыр етемін бүгінгі мен ертеңді.
Құда түссек біздер Айдай аруға,
Айттырар қыз Шолпан болар ертеңгі.
Ракеталар барса тағы қырындап,
Мен бармақпын тартуға оған жырымды ап.
Біздер барар жолды күтіп асыға
Көп жұлдыздар күлімдейді жымыңдап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу