Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  74


Автор: Рза Қунақова

Бір-ақ күнде бар ел көшіп кеткендей....

Бір-ақ күнде бар ел көшіп кеткендей,
Қу жалғыздық маған келіп жеткендей.
Жырға толы, сырға толы кең жайлау
Тыныш бүгін, ызғар соғып өткендей.
Естілмейді наз күлкісі қызымның,
Бөлмелерден күнде іздеп қызындым.
Қыз баланы «қонақ» деген бұл қазақ,
Еске сол сөз түсіп, көңіл бұзылды.
Рас бұл сөз, біз де өмірге қонақпыз,
Тіршілікте сыйласуға олақпыз.
Келін болып отырады бір үйде,
Өз үйінің ақ еркесі, қонақ қыз.
Алыстады наз күлкісі қызымның,
Үйде қалды тек белгісі ізінің.
Ұзатылып ұшып кетті ұяға,
Бөлмесіне кірсем, көңіл бұзылды.
Ойлап соны талай түнді өткіздім,
Қызым жайлы жақсы сөзді көп тіздім.
Мендей болып қабылда оны, құдағи,
Бір тал гүл ғой, біреуі емес көп қыздың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу