Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  76


Автор: Исраил Сапарбай

Жан жаһаным ғаріп болды.

Жан жаһаным ғаріп болды.
Қазан ұрды бау-бақты.
Жапырағым тоңып қалды,
Тұман жаулап тау жақты.
Табиғаттың бала шағы –
Көктем қайда?
Жаз қайда?
Тамашаны, оңашаны
Бізге тағдыр жазбай ма?
Қызық еді-ау жас шағыңда
Қыз қылығың, нұр жүзің?..
Енді кімнің аспанында
Жарқырайды жұлдызың?
Ләйлі-ләззат рахатым.
Келші маған, келе ғой.
Жүрегімнің жарақатын
Кім жазады сен емей?!.
Жаратқаннан жалдап алып
Таң шапағын қан қызыл,
Тағдырыма таңба болып
Қалсын деп ем соңғы ізің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу