Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  52


Автор: Исраил Сапарбай

БАЛАПАН

Нала мен наза үнінде,
Басына түсіп бар қауіп;
Түбірлі талдың түбінде
Балапан жатыр жер қауып.
Шырылдап жатыр байғұсым
Жалыныш айтып жалғанға.
Құп-құйттай құстың қайғысын
Қаперге алар жан бар ма?..
Кетті ме бұзып ұясын,
Өтті ме дауыл зорлығы? –
Өлімге қайтіп қиясың
Өзеуреп жатқан сорлыны?!
Ажалдың келіп хабары
Ақтық бір демі біткендей
Жаудырап жатыр жанары
Жалғаннан жәрдем күткендей.
Жазғанның көріп түр-өңін
жабырқап бір сәт қалғанмен,
езіліп, еріп жүрегім,
Қолымды создым жандәрмен.
Қоштасып жасыл жалғанмен,
Өшпек пе өмірі заматта? –
Қолымды создым жандәрмен
Құп-құйттай темірқанатқа.
Құсым-ау, құйттай, қалайсың?
Қапыда құлап қалдың ба?
Ажалдан бетер талай сын
Анталап тұр ғой алдыңда!
Тағдырың түсіп бақасқа,
Ұшарсың да әлі құларсың...
Қамығып, бәлкім, қапаста,
Торығып торда тұрарсың...
Бұлтты көктей өтерсің,
Желігіп, қанат желпініп.
Зеңгірді мекен етерсің
Сілкініп, сергіп, серпіліп...
Адал да албырт, аңғалақ
Жүрегіне ұқсас ақынның –
Ажалдан, құсым, қорғалап
Әзірге сені жатырмын.
Бетіңнен алған айныма,
Қанатың барда ақ алмас:
Қапас та, тор да, қайғы да
Кедергі саған бола алмас!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу