Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  97


Автор: Исраил Сапарбай

БОЗТОРҒАЙ

Бозторғайым, бозмұнар –
Балалығым, құрдасым.
Достың халін дос сұрар,
Халің қалай, сырласым?
Бір мысқалдай етіңе
Не жетпейді, жыр-құсым?
Әлде, аспанның бетіне
Дастан жазып жүрмісің?..
Тәтті үніңе таңғалып
Көк күмбезі жаңғырар.
Әуезіңе арбалып
Күн де көзін жандырар.
Таң бозынан тамсанып
Не деп тұрсың көгіңе?
Көкті жаба қалса бұлт –
Күннің күрсінгені ме?..
Көтерілсең көкке сен,
Күннің мерейі артады.
Көк төріне жетпесең –
Жердің мейірі тартады.
Жасыл тоғай, ніл аспан
арасында боздайсың.
Таланыма ұласқан
Тағдырыңды қозғайсың.
Бір қанатың үстінде
Аспан шабыт шақырар.
Бір қанатың астында
Жер шыдамай шарқ ұрар.
Қанатыңда тылсым бар
Көкке жіпсіз байланар.
Әуеніңде бір сыр бар
Адам басы айналар...
Еліткен жан, денені
демің қандай дауалы? –
Жұта бергім келеді
сен ән айтқан ауаны..
Үнің неткен шерлі еді,
Түстің, байғұс, не күйге?
Жапагөйің Жер ме еді,
Жоқ, әлде, анау көгің бе?..
Үнің көктен үзілер
Көп ұзамай күз келіп..
Тырна біткен тізілер
жылы жаһан ізденіп...
Өне бойдан шер төгіп
Сұрайсың-ау сен де енші...
Өз әніңнен дерт еміп,
Өз әніңмен емделші...
... Бір қанатың үстінде –
Аспан жылап аһ ұрар.
Бір қанатың астында –
Жер дөңбекшіп, шарқ ұрар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу