Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  70


Автор: Исраил Сапарбай

ШЫҒЫС БАЛЛАДАСЫ

«Қаракөлдің иінінде
қатар-қатар талы бар.
Қыз баланың миығында
ноқаттайын қалы бар.
Ноқаттайын қалдарыңды
ерініме басайын.
Құсқанатты қорғаныңды
күнде барып ашайын.
Атаң сыртқа шыға қалса,
Дарбазаны жаппасын.
Екеумізде кінә қанша? –
Құлбазарға сатпасын.
Кел, екеуміз бірге ұшайық
бұл қапастан жыраққа.
Бақыт пенен нұр құшайық,
Бір жүрейік жұмақта...»
Қиын екен Бектің қызы –
Тоқтатты Құл тынысын...
Қылыш екен – кектің жүзі,
Қиып түсті қылышың!
Жігіт басы домалады,
Домалады алмадай.
Бектің қызын кім алады,
Кім алады, жалған-ай?..
Қапас дүние қанға батты
қаһарымен қарудың.
Құмға аунаған алма жатты
көз алдында арудың..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу