Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  290


Автор: Әлима Ысқақ

Қызыма

Еркелеп өсіп шалқып ең,
Ордамның көркі, алтыны ең.
Ұшырмақпын ұяңнан,
Дәстүрлі ата салтымен.


Анаңның асыл жырының
Қымбатын қарғам, біл, ұғын.
Ұяңда қалар бал мінез,
Балалық ерке қылығың.
Аққуым ұщсаң айдыннан.
Санамда сәби ай тұлғаң...
Қонысың мәңгі жаз болғай,
Самғатып қанат жайдырған.
Басарсың әлі қилы жол,
Жолығар ұлы игілер.
Ата- анаңның тілегі,
Еліңе барған сыйлы бол!
Үлкенді сыйлап иілгін,
Кішімен сырлас, күйінгін.
Өнегелі ісіңмен,
Алғайсың құрмет биігін.
Қызығын тойлау баланың,
Жолы екен салған бабаның.
Ақ тілеу тілеп тұрсам да,
Өзіңді қимай барамын...
Тәтті еді сәби қылығың,
Отымның алды тұнығым.
Бастадың өмір сапарын,
Құт болсын орның, құлыным!
Бұлты жоқ болсын көгіңнің,
Бақытты болсын өмірің.
Орда боп отау
Шаттықтан
Ортаймасын мәңгі көңілің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу