Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  93


Автор: Әлима Ысқақ

Ұлыма

Ашамайға міндің де ерке күнім,
Шашу жеп, ақ бата алдың елден бүгін.
Ат жалын тартып міну осы болар,
Сапарың басталды енді ертеңге, ұлым!
Азамат боларсың деп тындырымды,
Қолыңа бердім тізгін-шылбырыңды.
Ертеңнің егейі боп, есілі боп,
Қолыңа қондыр арман-бұлбұлыңды.
Дегізбес: «жазықпен жүр, төтемен өт!»
Қиыр жол, қиян асу кезігер көп.
«Қу бас ат», «Құлагерді» мінбесең де,
Барыңмен бәйгеге түс, көмбеңе жет.
Тілеген ар-намысты бабаларың
Ұлысың, ұл-асқар белі аналардың.
Ал, қарғам, жұлдызың оң, жолың болсын!
Жолыңда жүгі жатыр қара нардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу