Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  81


Автор: Әлима Ысқақ

Сағыныш

Туған жерім сағындым,
Бетегелі беліңді.
Белдеріңнен есетін,
Жұпар самал лебіңді.
Қурайыңның иісін де,
Кейде аңсап кетемін.
Аңсаттырған өзіңе,
Қашан жетер екенмін.
Қарағайын сағындым,
Тауларыңның серісі.
Тауларыңды сағындым,
Асылдардың кеніші.
Беткейіңнің орманы-ай,
Әсем сазды ордадай.


Мүкті сірік гүл маңай,
Тоғыз қабат торқадай...
Сол сірікті төсеніп,
Жұпарыңа қанғанды-ай.
Сезінбеген есерлік,
Қайран күндер қалғаны-ай.
Асқарыңдай айбатты,
Аталарды сағындым.
Аталардай қайратты,
Аналарды сағындым.
Аналардың әлпешті,
Мейірлі үнін сағындым.
Аталардың жан кешті,
Ғұмыр жырын сағындым.
Сағындым-ау шаңырқап,
Сары жұртын бабамның.
Сары жұрттай аңырап,
Тұр ғой орны анамның.
Жағасы гүл, балдырған,
Тұнығыңды сағындым.
Тұнығыңда қалдырғам,
Құлын шақтың сағымын.
Қуып алтын сағымын,
Құлыншақтай шағымның.
Құлын-тайдай тебіскен,
Құрбыларды сағындым.
Сарығым бір қанар ма,
Асылдарын табар ма.
Жетсем болып шағала,
Айдынды көл жағаңа.


Жылдар аунап арада,
Жаңғырса сан санада.
Туған жерім - жан ана,
Не жетеді бағаңа!
Кеңсірікті ашытқан,
Қайран есіл мекенім!
Белгілі енді сабылтқан,
Сағынышым екенің!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу