Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  123


Автор: Әлима Ысқақ

Ақын ағаға

Қиялмен қырық айналып қала-қырды,
Жүрсіз бе жиі еске алып «қара қызды».
Бұлғақтап қос бұрымы ұзаған ол,
Бетке алып арман атты дара құзды.
«Арманның шықты ма екен биігіне,
Әлде оны жөнелді ме құйын іле?
Жарқылдап жүр ме әлде иран бақта,
Айланып көрген көздің күйігіне?!
Ғажап-ақ, шарықтаса қиял шіркін,
«Қара қыз» қайда сенің ұяң тұрқың!»,
Деп толқып ақын аға жүр ме екенсіз,
Аспандай ақ нөсерін құяр бір күн...
Аңсаумен туған жерін, тау, даланы,
Деймісіз өзегінде от лауламады.
Сағыныш арманы әрлеп толықсытқан,
Қаншама ай мен жылдың аунағаны...
Қаншама қара үздірді қайран үміт,
Қол созым жерде ғана жайнап күліп....
«Қарақыз» көрді көзбен Батырашты,
Жүйрікті жолдан тосқан айла құрып.
«Қара қыз» сан жүйрікті кежімдеді,
Бар болса әділеттің көзі көрді.
Ғұмырдың қия жолды қиырында,
Қасқайды қайрат беріп өзіне-өзі.
Жоқ оның әкесі де, анасы да,
Жанашыр арқа сүйер ағасы да.
Табан ет, маңдай термен арман гүлін,
Суарып жүр от пен су арасында...


Талантын ұштап заман сарасында,
Көз тіккен алдындағы дара асуға.
Ана боп қамында жер бала, жардың,
Балаған көзінің ақ-қарасына.
Күндерін әлі аңсайды бал іздеген,
Туысын, дос-құрбысын дәм үзбеген.
«Қызығын солармен бір көрмеген соң,
Жеміс пе жиған жеміс сан күздерден...», –
Деп кейде қамығады қуанышта
Жан күйер жақындары жүр алыста...
Бір тал ақ қосылады самайына,
Ғұмырдың ой- қырында құрақ ұшса.
Алыстап жас дәуреннің базарынан,
Пысырған ғұмыр қозы ажарынан –
Нұр тайды,
Тек парасат қазынасы –
Сарқыты,
Жанына азық алар ұлан.
Бұлақ – ол жағасына жалбыз өнген,
Тербелген құрақтары таңғы желмен.
Жанынан тірлік біткен рахат табар,
Немесе, ол – саясы кең жалғыз емен.
Айланған талшыбықтан бір еменге,
Құс сайрап, саясына гүл өнгенде.
Қысты ұмытып көктеммен бүрленгенде,
Ол да бір жатқан дастан білген ерге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу