Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  100


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАЗАҚЫ МІНЕЗ

Сағым қуған сахара саяғындай
Заман көші заулайды баяғыдай.
Алты жасар баладан аумай қалған
Адал, аңғал құлыңды ая, Құдай.
Алты жасар баладай қылығы бар
Бұл халықты кім аяп, кім ұғынар?
Қанша үмітін ұзартты ол, қанша арманын
Айы мұңды аспанға, Күні мұнар?..
Сұрағанға дей жүріп: «мал-жан аман»,
Елдің де осы ертеңін болжамаған.
Қармағына ілініп алтын балық,
Бармағымен сияқты бал жалаған.
Әдет шіркін қала ма қанға сіңген?
Әлі күнге келеді арбасумен.
Жалқаулығын кайтерсің алабөтен
Алтын басып жатқандай жамбасымен?!
Дастарқанның барар ма дәмі ұзаққа,
Абат мекен айналса аңызаққа?
Қам-қаперсіз қаймана қазақ үшін
Қалған күннің шынымен мәні жоқ па?
Тәтті ұйқыға қашанғы қанбайды адам?
Қайран, қайрат, қайдасың қанда ойнаған?!
...Көкжиекке көз сатып шалғайлаған,
Көш соңында ілбіген қандай жаман?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу