10.09.2022
  225


Автор: Исраил Сапарбай

ЖҰМАҚҚА ЖОЛ

Әлқисса:
Мына заман қай заман? Түлкі заман.
Кез келіппіз заманға құлқы жаман.
...Жан әкемнің түр-түсі жадымда әлі,
Түн ішінде төсектен жұлқылаған:
– Бұл ғаламда сен ұқпас шырғалаң көп,
Тұр, балам, – деп жұлқиды, – тұр, балам, – деп,
Құлын даусын шығарып анаң қалсын,
«Құлынымды кім менің ұрлаған?» – деп.
Құлын даусын шығарып анаң қалсын,
Құрып қалғыр қу тірлік қараң қалсын!
Өлі аруақ тіріге тыным бермес –
Өзіммен бір бақиға балам барсын!
Қарайлама артыңа, жүр, жүр, балам,
Жылдан ұзақ өзіңсіз бір күн маған.
Ғайып, Елес елінен әдейі кеп,
Айып емес әкеге ұлды «ұрлаған».
Жүр, жүр, балам, жүре ғой жылдам, кәні,
Ол өлкеге кім көшіп, кім бармады...
Беу-дүние-ай,
Қаншама жылдар өтті
Бір көруім өзіңді мұң болғалы...
* * *
...Әлі есімде бейкүнә бала кезің –
Қалып еді-ау жаудырап қара көзің.
Жарық қандай,
Жан жұрты – жәннат қандай,
Жеткізерсің көзіңді әлі-ақ өзің.
Кідірмейік, кәне, енді тоқтамайық,
Бізді қайтсін тоғышар топ, халайық.
Жапалақтай жарық күн көз ашқанша
Жер түбіне жетейік, жоқ болайық!
Жан жұртының жетейік төріне асыл,
Онда небір ғажапқа жолығасың!
Үр қызымен жүздесіп, үлбіреген,
Тәтті ұйқыға мәңгілік шомыласың...
Қырмызыңнан қырқылып қыршын гүлің,
Қияметке құлқыңмен ұмсын бүгін.
Жан-денені қоятын жер таба алмай,
Әлде мені жатырқап тұрсың ба, ұлым?
Ұйқықұмар, ұялшақ, ұяң бала-ай,
Болсаңшы енді әрнені қиялдамай?
Бала:
– Сіздікі де жөн шығар, Әке, бірақ...
Ұйықтап жатқан анамды қиям қалай?
Мен кеткен соң көзінен қан ақпай ма?
«Қайдасың, – деп, – қарағым?» алақтай ма?
Өліп-талған байғұстың өзегіне
Өмір нәрін құйғалы таң атпай ма?
Не көрмеді жан анам, не кешпеді,
Терезесі тірлікпен теңескелі...
Бәрін былай қойғанда, сол бір бейбақ –
Маған ана, Сізге жар емес пе еді?
Әке:
– Әй, қарағым,
Әй, ұлым,
Әй, балам-ай,
Абайласаң қайтеді Ай қарамай?
Сенсіз аңырап анаңның аһ ұрғаны
Бола қойсын әкеңе қайдан оңай...
Абайласаң қайтеді, әй, балам-ай?
Жанталасып екі оттың арасында
Жанды қинап, бекерге аласұрма.
Жауабыңды бер, балам, таң атқанша:
Бармайсың ба менімен, барасың ба?
Бала:
– Қайтсем екен анамды – сорлы анамды,
Аз көрмеген азапты, тор, қамалды...
Қара басын тау менен тасқа соғып,
Қара шашын аз күнде борға малды.
Жан жүрегін жаралап жала, нала,
Қалаға да,
Қаңғырған далаға да...
Әке:
– Жабулы аузын жараның аша бермей,
Жә, жарайды, бол енді, бала! Бала!
Мен кінәлі шашы ерте ағарса оның!
Толмай жатып саз көмсе толарсағын.
Қайда барса – алдынан қарсы шығып,
Қарақшының көзіндей аларса Күн!
Мен кінәлі бәріне, мен кінәлі!
Қайғырғанмен кеш, ұлым, енді бәрі.
Қауқары жоқ қаңбақты жел қуады,
Тәуекелге ер ғана бел буады!
Біз де белді буғанбыз бекемденіп,
Жетер жерге жетсек деп жеке ел болып.
Құлқымызды құдайым құп алғанмен,
Жалмап кетті сұм ажал төтен келіп...
Мен кінәлі бәріне,
Нанасың ба?
Қара нанға зар болса, қара суға.
Ең соңғы рет, ей, ұлым, сұрап тұрмын:
Бармайсың ба менімен, барасың ба?!
Бала:
– Бейшара анам,
Алаңсыз байғұс анам,
Тағы келді-ау таң атпай қайғы саған.
Жаның бір сәт жай тауып жатыр едің,
Ақ шашынды аймалап Ләйлі – самал.
Қадірлі анам,
Қамкөңіл, қайран анам,
Жаның сенің қай жерде жайрамаған?..
Ояна кеп ұйқыңнан озан салып,
«Қайда балам, – дейсің-ау, – қайда балам?»
Әке:
– Алаң болма анаңа, балам, аса,
Қала тұрсын әзірше сәл оңаша.
Мәңгіліктің мекенін соңымыздан
Өзі-ақ іздеп келеді, шамаласа...
Тірлік мәні,
Таусылып жарық әні
Біздің жаққа келеді бәрі, бәрі...
Жердің асты ғажаптай көрінеді!
Жердің үсті тозақтай тарылады!
Біздің жаққа келеді бәрі, бәрі!..
Күннің өңі қуарып,
Ай солғанда,
Алуан жайлар адамға ой салғанда,
Бәрі, бәрі келеді біздің жаққа –
Жақсылар да келеді, жайсаңдар да!
Қаншалықты қия алмай қарасаң да,
Таусылады, қарағым, тамаша онда.
Азандатқан молда да жолға шығып,
Қазан баққан келеді қара шал да!
Бәрі, бәрі келеді...
Күмән бар ма?!
Жылаған да келеді, жұбанған да.
Есігінен енеді Гүлжұмақтың
Өзің сынды өрімдей ұландар да.
Аялдама, жүр, балам, жүр, жүр енді!
Түріп тастап түрлі түс түн-кілемді,
Ұйқысынан тірілер түрегеліп,
Басталады тынымсыз тірлік енді,
Аялдама, жүр, балам, жүр, жүр енді!
Жүр, жүр, балам,
Әкеңнің жүр соңынан
Болдың екен өмірге мұнша құмар?
Жер түбіне жетейік,
Тағы бір таң
Түн-ананың туғанша құрсағынан.
* * *
Желбір-желбір жел ойнап етегінде,
Мен келемін әкемнің жетегінде.
«Кімдер ғана жүр екен, – деймін іштей,
Жер астының Медине мекенінде?..»
Қараң-құраң қараймын айналама,
Қарап алмай көңілің жайлана ма?!
Жер дөңбекшіп, қайтеді, ойлана ма?
Жер дөңбекше, апыр-ай, айнала ма?
Жұлдыз біткен үзіліп кірпігінен,
Қарап қалған сүзіліп Ай да мана...
Бәрінен де...
Жаныңда ұлың болмай,
Жапа шегіп қалдың-ау, қайран, ана...
– Әке-ау, мені соншалық жау қуғандай
Алып кетіп барасың қайда ғана?
– Қайда әкетіп барасың мына мені?
– «Жұмақ елі» дедім ғой, «Жұмақ елі».
– Күн әдемі еді ғой, түн әдемі?
– Жер үстінің тірлігі қайда қашар,
Жер астының әлемін біл әуелі!
– Кім бар онда, мысалы, Сізден өңге?
– Табылар жан жетеді іздегенге.
Нахақ қаны төгілген шаһиттерді
Ұзақ-сонар болады тізбелеуге.
Жетпей кеткен жандардың арманына
Жер астында ғұмыры жалғануда.
Өз көзіңмен көресің бәрін де, ұлым,
Көз салсаңшы одан да жан-жағыңа?
...Көзім салып келемін жан-жағыма,
Жер түбінің жақындап қалғаны ма?
Желпінуін қарай гөр бұл көңілдің
Ілдіргендей арманын қармағына!
Ғажап еді не деген Жердің өңі?! –
Көз алдымда көкжиек мөлдіреді.
Иығыма шашылып ләйлішашы,
Миығынан жымиып жел күледі.
Түн пердесін түргелі түсінгенім:
Періштедей өзім де пішіндемін.
Өңім түгіл түсімде кездеспеген
Бір ғажайып әлемнің ішіндемін!
Көлден ұшқан көгілдір құсым менің,
Көк төрінен көңілді түсірмегін.
Көкжиекке керілген дүниені
Көз тілімен келеді мүсіндегім.
Айсыз, Күнсіз, апыр-ай, жарық неге?
Көзім нұрын көп бояу қарытты, әне!
Кең әлемді бейне бір алып кеме
Жарып келе жатқандай, жарып келе!
Жұлдыз бенен Ай, Күнді ауызға алсам,
– Тозағыңды, – дейді әкем, – дәріптеме!
Айта бермей маралды, Аралды да,
Назарыңды бұр бері, қара алдыңа!
Жұмақ тұрып тамұқты сөз етуің –
Байқамасаң, болады, балам, күнә...
...Көзім салып Жұмақтың жұмбағына,
Келіп кірдім ғажайып гүл бағына.
Көзім түсті және де
Бір топ қыздың
Гүлзар бақта сән-сауық құрғанына.
Гүлзар гүлі әтірін бүркінеді,
Қыздар қуып, бір-бірін түртінеді.
Алтын, күміс шашқандай ауызынан,
Буынды алып барады күлкілері.
Майысқандай жағаның шыбық талы
Қытықтайды буынды қылықтары.
Алабөтен күй кешіп көңіл шіркін,
Барады екем әкемді ұмытқалы:
– Жігіт болып қалыпты-ау балам менің,
Таңдап-таңдап біреуін алар ма едің!..
Әттең, бірақ, амал не, бұл қыздардың
Құп алуға құлқы жоқ адам көңілін.
Көкейіңе қондырып көзқарасын
Көргеніңе, амал жоқ, мәз боласың.
Жер астының қыздары сүйе алмайды
Жер үстінің бозұлан бозбаласын.
Жанарлары жұлдыздай жыпылықтап,
Қала берді қалқалар сықылықтап.
Ере бердім әкеме амалсыздан,
Сілекейді шұбырған жұтынып қап.


Еріп келем әкеме, еріп келем,
Бірден-бірге барамыз еніп төмен.
Әлем-жәлем көксарай күмбезімен
Көздің жауын алады көрікті әлем.
Көздің жауын алады ақ сарайлар,
Айналасын әсемдеп бақша-баулар.
Айнадайын әуіздер қанша мұнда,
Қайдан оған теңелсін Қапшағайлар?!
Өрттен, дерттен көрген соң сау әлемді
Көңілдегі көбейді сауал енді.
Кең жазықта керілген ақбоз үйге
Ауық-ауық назарым ауа берді.
Аппақ үй...
Мен іздеген армандай ма?
Аққу болса, ұшуға қомданбай ма?
Немесе кең жазыққа көктен түсіп,
Толған Ай он бесінен қонғандай ма?..
Жоқ, әлде...
Жол-жөнекей болдырғанда,
Қанатын қаға-қаға талдырғанда,
Үстіне көк жазықтың аз аялдап,
Самұрық жұмыртқасын қалдырған ба?.,
Маңдайын мөлдіреген көлге беріп,
Өзі де қалған екен дөңгеленіп!
Аққуды көз алдыма елестеттім
Қанатын жайып ұшқан желге керіп.
Осылай ақбоз үйдің пішімді өңін
Өзімше мың құбылтып мүсіндедім.
Ақша бұлт – ақ мамықтай дүниенің
Апыр-ай, отыр екен ішінде кім?
Тұлпарын тәуекелдің тақымға алып
Алдына ақбоз үйдің жақындадық.
Екінің бірі шыдар, ер болса да,
Енуге есігінен батыл барып!
Тән берген тәңіріне пендедейін
Апыр-ай, мен не дейін, мен не дейін?!:
Бір кісі үйден шығып келе жатты
Жамылып иығына желбегейін.
Қонағын күтінгендей күнілгері
Күрсініп, әлденені күбірледі.
Өн-бойым дір-дір ете қалды-дағы,
Өзекті өткір кездік тілімдеді.
Сақалы сала-сала...
Қарыс маңдай...
Апыр-ай, мына кісі таныс қандай?!
Өзіммен өзім тұрмын арбасқандай,
Өзіммен өзім тұрмын алысқандай.
Сабырлы, салауатты ойлы көзі...
Қоңырқай, қоңырқұла қой мінезі...
Құрықтай құлаш жетпес қол-аяғы,
Сырықтай ұзынтұра, бойлы кезі...
Таныдым!
Таныдым мен Қажы атаны!
Айтылмай кеткен, әттең, азат әні...
Қайрылмай қанша жылдың жүзі өтсе де
Жүзінен арылмапты-ау қаза табы?
Қолына томағалы бүркітті алып
Жынысты, аң аулаған, жыртып барып...
Ойымнан оятты әкем ойда жоқта
Бүйірден шынтағымен түртіп қалып:
Болғанмен қанша ақ алмас,
Өмірден кімдер жоғалмас...
Алдыңнан шыққан атаңмен
Бас иіп, балам, амандас?!
– Армысыз, ата? – дедім бұзып, бөліп,
Сақалын саумалауын қызық көріп.
– Бармысың, балам? – деді баппен Қажы,
Сәні де, сәлемі де түзік келіп, –
Қарағым, қай баласың, танымадым,
Шайыр ма ең шаһит болған тағы да бір?..
Жеті қат жер астына түскен жанға
Емес қой жер үстінің бәрі мәлім.
– Болғанмен баршаға бір Өмір, Өлім,
Жаспын ғой, ол жайында не білемін.
Көрмекке жер астының төңірегін
Өзіңіз айтқан жақтан келіп едім...
– Кемелің, келмей жатып келешегің
Аңсарың ауды мұнда неге сенің?
Атаңа жол бұрсаң да,
Бата беріп:
«Алдыңнан жарылқасын» демес едім.
Қайда деп ғайып мекен, ғашық ғалам,
Жөн еді асықпаған, асықпаған.
Басыңнан қилы-қилы заман өтіп,
Жасыңнан қаласың ғой жасып, балам.
Жөн еді асықпаған, асықпаған.
Жадына түскендейін жан арманы
Жанарын мұң жайлаған жаға алмады.
Салалы саусақтары сала құлаш
Сақалын саумалады, тарамдады:
– Қайтесің Өмір, Өлім аралығын,
Қалмапты-ау әлі де, ұлым, балалығың.
Одан да, бар болса, айтшы, жақсы-жақсы
Атаңа ала келген жаңалығың?
– Жер үсті сол баяғы қалыпта әлі:
Ашық күн, алмағайып жарық таңы.
Құшағын ашып жатыр Ажал әлі,
Ұсағын жұтып жатыр алыптары.
Жайлаудың жазы қайда, сазы қайда?
Жанарың жаутаңдайды жазық ойға...
Мұндайда дегбір кетіп дейсің іштен:
«Қаламы қажымаған Қажы қайда?»
Қамығып Сізді іздедік үнсіз ғана:
«Қай жерде, қай жаһанда жүрсіз, дана?»
Бермеді жауап бізге түн сыздана,
Бермеді жауап бізге тілсіз дала.
Себездеп сәуле енгелі санамызға
Қанша жыл түсіп кетті арамызға...
Бір кезгі ақиқаттың бірте-бірте
Айналып баратқандай бәрі аңызға.
Аңызға ақиқаттың айналғаны –
Тән өліп, жан жәннатта жайланғаны.
Тән өлсе де жан өлмес!
Өлең өлмес! –
Пайым мен парасаттың Пайғамбары!
Өлмепті өлеңіңіз, ізгі әніңіз!
Бір екен тірілермен тұз-дәміңіз.
Жарық таң көзін ашқан рәуішті
Жарқ етті жазғаныңыз, сызғаныңыз!
– Жә, балам, аз болмады жаңалығың,
Сөзі бұл естиярдың, саналының.
Сахара, Сарыарқадан сағынышты
Сәруәр жеткіздің-ау самал үнін!
Сағындым саумал көлім – тұнжырымды,
Сағындым сайындағы мұң-жырымды.
Сайғақтай саяқ кетіп саялаған
Сағындым Шыңғыстағы үңгірімді.
Сағындым сары топырақ, жал құмды да,
Сызы өтті қара жердің салқын мына.
Сағындым, сан сойқанда саз кешсе де
Сабыры сарқылмаған халқымды да!
Сағындым,
Сағынғанмен амал нешік,
Келмеске кеткеннен соң заман көшіп...
Жүрелік аспан, жердің аясында
Біріміз бірімізді аман десіп.
Жапан жер,
Жазығында ну көктесін,
Құла дүз, құдығынан су кетпесін.
Қаңғырған қарақшылар қазалыны
Құрдымға құлқыны кең сүйретпесін.
Құдыққа құлқыны кең тастамасын
Ақынын,
Ақылын да,
Аш баласын!
Сақтасын саналы ұлдар ел бірлігін,
Соқпасын тарыққанда тасқа басын.
Қайтеміз қарғай беріп Хақ-құдайды?!
Біреуге тоқым қайғы, тоқты қайғы...
Дүмпуі жер астының дамыл бермей
Менің де жүрегімді соққылайды!
Қайтеміз қарғай беріп бар құдайды?!
Өмірдің арты өкініш, алды қайғы...
Дүмпуі жер астының дүркін-дүркін
Менің де жүрегімді жарғылайды!
Аруақтың кімге лазым тыншымағы?
Бітер-ау білгіштердің бұл сынағы.
«Жұртыма тыным бер!» – деп, көкке қарай
Жүрегім күніне мың ұмсынады!
Бітер-ау білгіштердің бұл сынағы...
Ал, ұлым, қолыңды жай, бата берем,
Кетпесін ауызыңнан аталы өлең!
Сен онда рухыма ие болсаң,
Мен мұнда тыныш ұйықтап жата берем...
Сұлулар жатқан баққа сауық құрып
Назары сәл азырақ ауып тұрып:
– Сапарың оң болғай... – деп сөз жалғады,
Сақалын саусағымен сауып тұрып, –
Тірліктің түні ұзақ та, таңы қысқа,
Білмеймін, сарыуайым сағыныш па?.. –
Мына бір елге арнаған сәлемімді
Қай жерде жүрсең де, ұлым, жадыңа ұста:
«...Қағазым – жолдасым,
Қаламым – сырласым.
Өлген соң белгілі
Қайта кеп тұрмасым.
Тіл сорлы – сырласым,
Бекерге тұрмасым.
Алдымнан жарылқап,
Алла кәр қылмасын.
Ел анау, мен мынау,
Қайтейін, бір басым.
Аман бол, ағайын,
Татуым, қимасым...
...Мен қайғы жедім ғой,
«Қапы еттім» дедім ғой.
Қазағым, қам ойлан,
Сен де адам едің ғой!
Сен де адам едің ғой?..»
...Есіл ер есіне алып дала, белді..,
Несіне ойлады екен жаралы елді?
Сақалын саумалаған сахаба-ақын
Алдында ақбоз үйдің қала берді.
* * *
Көз салып сағымына сары белдің
Әкемнің жетегіне тағы да ердім.
Екі қол, екі аяққа тыным бермей
Осылай өтер ме екен әбігер күн?..
Саумал көл,
Сарыала бел,
Сайын дала...
Қараймын жан-жағыма қайыл қала.
«Аумаған біздің жақ қой?..» деймін-дағы,
Әкеме көз тастаймын жәй ұрлана.
Әкем де сезгендейін хал-жайымды,
Сипайды күс қолымен маңдайымды.
Даламның жұпар исі аңқитындай
Көк шалғын көмген сайын шалғайымды.
– Не деген көргіш едің, әй, балам-ай,
Қозғайсың қайдағыны, жәй қарамай.
Етегін мың-сан түрен түрсе, қайтсін
Даланың басынан бақ тайғанамай.
Кім білсін, жаратқанның жарлығы ма,
Гүлі де, шәһит болып шалғыны да..,
Қатігез заманаға зары жетпей
Жеті қат жер астында қалды мына!
Төсінде төрт түлікке шыр байланып
Жатқан жер әлімсақтан жырға айналып,
Сайрауық саясаттың салқынымен
Ілезде шыға келді-ау жұрдай болып!
Бүгінде қыстау да жоқ, жайлау да жоқ...
Ойланып табиғатпен ойнау қажет!
Баяғы бойкүйездік бойдан кетпей,
Иттейін ырылдайды байлаулы әдет!
Ертеңнің қамын ерте жемес пенде
Не тапты Жер – анамен егескенде?
Құм толар көздеріне,
Зауал күні
Ысқырып Исрафилдың желі ескенде!
Бізден соң келген білем малға нәубет,
Қарғам-ау, малдан артық бар ма дәулет?!
Без теріп кетер ме екен шыныменен
Безбүйрек немелерден қалған әулет...
* * *
...Кең әлем,
Келе жатқан құшып көкті
Ұнжырғам әлденеден түсіп кетті.
Көрінген көкжиекті мұнар көміп,
Көңілден көгала үйрек ұшып кетті.
Көңілден көгала үйрек сыңсып ұшты
Бетке алып құла дүзді, Күншығысты!
Кезбеймін киялыммен қиян елін,
Сезбеймін бұрынғыдай құлшынысты.
Басамын аяғымды марғаулана,
Алданбай әлемішке, арбауға да.
Қу дүние,
Зымиян дүние!
Түлкідейін
Құбылтып құйрығыңды, қарға аунама!
– Кеттің-ау ой түбіне, балам, бойлап,
Қайдағы-жайдағыға қанаң қайнап?
Кәріне ұшыраған Уақыттың
Әлі де келемісің Далаңды ойлап?
Бірлік аз жер үстінде, ықылас тар,
Бүкіл сыр,
Жер астында бүкіл астар!
Иықтан қанша-қанша басты ұшырды
Ындыны кеппей кеткен Ықыластар!..
Жоқтайтын, арыңды ақтап, намысыңды
Арысың запыранды әлі ішулі.
Бақастың – Батыраштың балтасымен
Қаншама Құлагердің сағы сынды?..
Кезеңде аңдып тұрса кезбе залым,
Оп-оңай жарық күннен көз жазарың.
Қайтерсің, Батыраш та, Ықылас та
Басқа емес, өз қаңдасың, өз қазағың!
Қағынып шыға келер жауы алдынан
Қазаққа қашаннан да зауал құмар.
«Ынтымақ, ұжым қайда?
Ізің қайда?» –
Жауабы жатқа мәлім сауал бұлар.
Көрбілте көкіректі көкке кермей,
Оянсақ нетті ояға жеткен елдей?
Ұрпақ пен үрім-бұтақ санасына
Әлі де Абай зары жетпегендей!..
Батырға, ақынға да қол жұмсаған
Кесапат керегі не жолдың саған?!
Жан балам, біле-білсең, мына мен де
Мезгілсіз өлдім содан, өлдім содан!!!
Бір табан жаны жақын жынға, жатқа,
Себепші күллі қайғы, күллі азапқа –
Батыраш, Қотыраштар, Ықыластар
Әлі де аз деймісің бұл қазақта?!
Одан да ойдан арыл, алдыңа үңіл –
Балдырым,
Балапаным,
Балғын ұлым!
Жүрекке гүл, шыбықтың жұпар бүркіп,
Қарашы тіршіліктің жаңғыруын?!
Қарашы, карашы анау жалқын жаққа! –
Жарқырап жатқан жолда алтын жоқ па?
Оның да құны мұнда бір-ақ тиын,
Жатқанмен қанша жайнап, жарқылдап та.
Кететін періште де, патша да айнып,
Аяр ғой, әзәзіл ғой ақша, байлық!
Көргенге көз тояттап, көңіл қанып,
Көгілдір дүниені бақшадай күт.
Енгенде ішіне әрбір жаңа бақтың
Алады алды-артыңды қамалап гүл.
Тұншыққан өз деміне хор қызын да
Көргенің, сезгеніңе қанағат қыл.
Тоқкөңіл тойымшыл мен тобашылға
Торсықтың азы да бір, толасы да.
Пейілің, пешенеңе байланысты
Пейіште болмайсың ба, боласың ба...
Жер үстін қаншама, ұлым, мақтасаң да,
Сонда ғой айнымалы бақ та, сор да.
– Жұмақта жүрген жанның қаперінде
Ешқандай ой мен уайым жоқ па сонда?
– Бір күйген жан екінші шоқ басар ма,
Әкеңді ая, жаным, отқа салма.
356
«Әкеге бала әрқашан бағынбақ-ты» –
Деген ой мені азырақ дамылдатты.
...Айдыны атшаптырым аймақты алып
Ұлы өзен алдымызда ағып жатты.
Есірсе есе бермес ені ешкімге
Мінезі өр өзеннің теріс мүлде.
Алысып, арпалысып адуынмен
Бір адам келе жатты сең үстінде.
Кім екен қасарысқан, қаймықпаған,
Жүрегі оттан, судан шайлықпаған?
...Өмірдің өр толқыны қақпайласа,
Қай пенде қайда барып, қайда ықпаған?..
Жең түріп тәуекелге белді буған
Етпекші қандай апат ерді құрбан?
Ер екен мына кісі,
Жайдақ мініп,
Жағаға жанталасып сеңді бұрған!
– Апыр-ай, Мағжанбысың, Мағжанбысың,
Аянбай шашқан елге ақ жамбысын?!
Қайдан кеп, кайдан жүрсің,
Алты алашын
Астына қанатының алған құсым?!
Еңсесі түссе сендей ердің алып,
Көк солып,
Кеткені де жер қуарып! –
Мағжанның мұз құрсанған құшағына
Өксіген бойда әкем енді барып.
Екеуі тұрды біраз аймаласып,
Ажалға ақыреттік майдан ашып.
Әлден соң есін жиды екі мұңлық
Жас жуған жанарларын жәйлап ашып.
Әлден сон есін жиды екі мұңлық
Арнаның асау толқын шетін үңгіп.
Ұлы өзен анадайда ағып жатты,
Ежелден асты – аярлық, беті – қулық.
Ұлы ақын...
Мағжан, Мағжан – Күн баласы...
Музасы – сарқылмаған мұң-наласы.
Қасында қалқайып тұр қыр баласы –
Хас ақын, «қарағым» деп бір қарашы?
Қарашы өн бойымды тінтіп, бағып?..
Жас жатыр кірпігімнен үркіп тамып.
...Ойымнан оятты әкем ойда жоқта,
Бүйірден шынтағымен түртіп қалып:
– Болғанмен қанша ақ алмас,
Кеткендер қайтып оралмас...
Ақиық ақын атаңмен
Бас иіп, балам, амандас?
– Армысыз, Мағжан ата – Күн баласы,
Жылдардың қасіретті Жырнамасы!
Жеті қат жер астында жүр екен ғой,
Қазақтың қайда десем дүрданасы!
Көзімен оқығандай ойымды анық,
Барады бал мейірі бойымды алып.
– Бармысын, айналайын, балам?! – деді, –
Жанары мұң жайлаған мойылданып.
Жанарын мұң жайлаған қайран ақын,
Қайырылды қапылыста қай қанатың?
Қаласа – қанжардайын қайралатын!
Қаласа – аспандағы Айды алатын!
Қабағын қамаса да қайғы, нала,
Хас ақын қансоқтадан қаймыға ма?!
Денесі оттай жанып, деді маған:
– Сен әлі білмейсің көп жайды, бала...
Әйтпесе, мынау жұмбақ жер түбіне
Қаңғырып келуші еді қай диуана?
Мынаны, айналайын, шығарма естен:
Ертеде Түркістанды Тұран дескен.
Келтіріп талайларды тәубесіне
Ер түрік бұлт бүркеніп, мұнар кешкен...
Қар борап, қаһарланса, қабағынан
Жай ұшқан жаһилдерге жанарынан!
Тұранның туын көкке желбіретіп,
Сардарлар сахарада салады ұран!
Қыранның құз, қиялы жерінде өскен
Тұранның тұрпатты ұлын Темір дескен.
Қас жауын қара аяздай қалтыратып,
Өмірден өткен ол да жеңілместен.
Телегей теңіз суын кешкен білер,
Қабатын Қап тауының тескен білер.
Талайды, түсіне енсе, сескендірер
Далада дабыл салған көшпенділер...
Ер түрік еңсермеген жау қалмаған,
Ер түрік шеше алмаған дау болмаған.
Тұранның көкбөрілі байрағынан
Алламыз көз аясын аудармаған.
...Ер түрік ен жайлаған мына дала
Енді мен ертегі айтсам, жұбана ма?
Ғасыр да,
Ғайыпқа ұшып ғұлама да,
Қаншама түсіп кетті жыл араға...
Кешегі ғұнның елі – Күннің елі,
Жел қанат жер мен көктің дүлдүлі еді!
Алланың көз аясы абайсызда
Басқаға ауды ма, әлде, кім біледі...
Іші ұлып, сырты күліп, рең бермей
Түн елі Күн еліне түнергендей.
Жаратқан Жәбірейіл тарапынан
Бір зауал жер бетіне жібергендей.
Тілеуі қалауымен қабыл болмай
Күн елі тығырыққа тірелгендей.
Тұтылып Күн де көктен, Ай да көктен,
Аз ба күн маң даланы майдан еткен?..
Амалы шыныменен таусылған ба,
Заманы Ер Түріктің қайда кеткен?
Тор көзін торқа орнына тұман жайып,
Шынымен болғаны ма Тұран ғайып?
Күн емес, түн жайлаған көкіректе
Барады күннен-күнге күмән байып...
Көз жазып жарық жұлдыз, толық айдан,
Алдымды түн торлады томырайған.
Тобасын кеш танитын қайран жұртым,
Табасың тар кезеңде мені қайдан?
Табасың енді қайтіп Мағжаныңды –
Маңдайға басқан асыл маржаныңды?!
Жан-жағын елес торып, аруақ қорып,
Мағжаның әлдеқашан ақ жамылды...
Базарға бұлдасаң да бар малыңды,
Қарманып қарасаң да жан-жағыңды,
Қайғысыз, қамсыз қалғып жүргенінде
Біле алмай қалғандайсың бар-жоғымды.
Жуа алмай қасіретті қара дақты,
Қанша жыл қан аралас арада ақты...
...Аралап жүретұғын лала бақты
Есіме алам ылғи Дала жақты...
Туған жер,
Айналайын, Тұраным-ай,
Ұстатып кетсем деп ем ұрпағыңның
Қолына ақ туымдай аманатты!..
Жеткізер кім бар екен, беу, дүние-ай,
Сағыныш – елге деген саламатты?!.
– Мен бармын!
Жер үстіне мен қайтамын!
Көрдім деп өзіңізді елге айтамын.
Атыңыз аңыздайын, ақын ата,
Аралап кеткен жердің кең-байтағын!
Қауышты Сізбен қайта ұрпағыңыз,
Орнында Ордаңыз бен жыр тағыңыз.
Жүрегін жаулауда әлі жұртыңыздың
Жырыңыз – асау, бұла, «бунтарыңыз»!
– Осылай болса керек бала қыран,
Айналдым таудай биік талабыңнан!
Мына бір өлеңді де айта барғын,
Атаңның тамып түскен қаламынан:
«Қыранымын сары сайран даланың,
Қос қанатым – алтын Алтай, Оралым.
Еркін дала ардақтысы, еркесі,
Бетім қайтпай өскен батыр баламын.
Асқан алып – ата затым сұрасаң,
Асқан дана – ана затым сұрасаң.
Шашып жалын жас жолбарыс ұмтылса,
Қорқақ құлдар, калай қарсы тұрасың?!
Тұлпар мініп, туды қолға алайын,
Суырып қылыш қан майданға барайын.
Жердің жүзі кім екенім танысын,
Жас бөрідей біраз ойын салайын.
Тірілтейін алып атам аруағын,
Тазартайын Сарыарқамның топырағын.
Жан-жағына тегіс билік жүргізіп,
Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым.
Дұғада бол, алтын Алтай – қарт анам,
Алып ата, қуды жолың ер балаң.
Ақ шашыңды, көкірегіңді иіскеуге
Тәңір жазса, сәулетпенен тез барам».
...Бусанды, буырқанды ақын жаны,
Мұң қашып,
Жанарында от лапылдады.
Жалданды жарқамысты жапырғалы,
Жауына жолбарыстай атылғалы!
Ерленді Күн баласы – Көктің ұлы,
Еменді еңсерердей екпін, үні!
Жалт ойнап жанарында,
Көзіндегі
Ілезде кекке айналып кетті мұңы!
Ей, жұртым, бұл сөзіме нанасың ба?
Жоқ, жала жабасың ба жаны асылға?
Біз кеттік бел-белеспен ары қарай,
Ол қалды Ұлы өзеннің жағасында...
* * *
Қараймын мұңды көзбен мұнар жаққа,
Қалғандай түн бер жақта, Күн ар жақта.
Көрінді үш аттылы сонадайдан –
Бірі – би, бірі, бәлкім, шығар датқа?..
Түс қашып, ұйқы басып, түн қатқандай,
Қатулы қабақтары зіл-батпандай.
Көзіме жылыұшырай берді бәрі
Көптен-көп көріспеген қымбат жандай.
Сыпырар томағасын сілкіп қалып
Ұқсайды үшеуі де бүркітке анық.
...Ойымнан оятты әкем ойда жоқта
Бүйірден шынтағымен түртіп қалып:
– Болғанмен қанша ақ алмас,
Өмірден кімдер жоғалмас...
Қатарлас бауыр, қаламдас
Аттылы аталарыңмен
Бас иіп, балам, амандас?!
– Армысыз, аталарым, ақ киімді?..
Алқынып барып үнім сап тыйылды.
– Бармысың, балам? – деді ортаңғысы,
Аңғарып абыржыған сәт күйімді, –
Күнәсіз пенденің, ей, періштесі,
Мен ішкен уды қайта сен ішпеші...
Құбылды құбыладай жалқын жаққан
Құйыла қалған көзге пешенесі.
– Қарғам-ай, жан-жүректі жараладың,
Сен енді бізге бүйтіп қарамағын.
Сыбырлап жатыр әкем құлағыма:
– Міржақып, Жүсіп, Ахмет ағаларың...
– Қолыңа тұрған шақта қонып бағың,
Сен қайтып енді бізге жолықпағын.
Көзіңнен көрініп тұр қуанғаның,
Сөзіңнен көрініп тұр қорыққаның.
Көзіңнен көрініп тұр таңданғаның,
Ұқсаң да ұқсата алмай дал болғаның.
Қайтесің жер астының ғажайыбын,
Қайтуға елге ертерек қамдан, жаным...
Болса да бұл жұмақтың жан-жағы гүл,
Қайтуға елге ертерек қамдан, ұлым.
Жаулаған жан-жүрегін жалған ілім
Пенденің пейішқұмар арманы бұл!
Кеудеңнен ұшпай тұрып бір шыбының
Тәрк етпе жер үстінің тіршілігін.
Мұндағы мың алтынға қимас едім
Ондағы Күн нұрының бір сынығын!
Қайт, ұлым,
Елге ертерек кайт, қайт, ұлым.
Бар-жоғың,
Алдыңда әлі байқайтының.
Жанары жаудыраған, айхой, Күнім!
Жұлдызы маужыраған, айхой, түнім!..
Көзімнен бір-бір ұшты-ау, айхой, Далам!
Көш артқан,
Керуен тартқан,
Той-тойлаған...
Қадамың құтты болғай, беу, қазағым,
Бесіктен белі босап, тәй-тәйлаған.
Қам жасап,
Қайта тұрып,
Қаз басқалы
Ұлығың ұрығыма сөз бастады.
Ұрпағым ұмытпағай,
Құрбандыққа
Шалынған мына біздей бозқасқаны...
Қайт, ұлым, ауылыңа – Дала жаққа,
Айта бар бізден сәлем жамағатқа.
Жетеді!
Жер түбіне желіктіріп,
Әкесі, енді мұны аралатпа!
Сәлем айт алты алашқа мына бізден,
Дегейсің кездестірдім құла дүзден.
Кеш болар, ерте болар...
Ес жиғанда
Еске алар ұрпақ, бізді ұлы аңызбен...
Сәлем айт ұлдарына, қыздарына –
Даланың дақ түспесін ізгі арына.
Қиналмай көріп жүрсін болашағын,
Имандай сеніп жүрсін біз барына.
Сәлем айт қалтаңдаған қарттарына,
Жан бағып,
Жалтаңдаған арттарына.
Иленген көнтерідей көнбістеніп,
Үйренген сауысқандай сақ болуға.
Сәлем айт Ел басшысы – зиялыға,
Бақ үйір ұйымшылға, ұялыға.
Қам жасап ертеңіне қалың қазақ,
Ертерек етек-жеңін жияды ма?
Жоқ, әлде сол баяғы балаң жұрт па,
Бір табан жаны жақын жамандыққа?
Арысын «итжеккенге» айдаттырып,
Намысын байлап берген надан қыртқа?!
Тарихтың таразылап тағылымын
Өткеннен сабақ алсақ кәні бүгін...
Осыны жадыңа ұстап,
Төкпей-шашпай
Ертерек елге жеткіз, жаным, ұлым!
...Өр өзен өкпе тұста өткел бермей,
Бір өксік өңешіме кептелгендей.
Күй кештім қас қағымның арасында
Өмірді лек-легімен өткергендей.
Дейді әкем:
– Ахаң біздің – дана, ақылды
Жарқ етіп жарып шыққан қара түнді!
Кешегі кеңістікте жүргенде де
Осылай жанымызға от жағатын-ды...
Қайтайық кері қарай, ал, бол, ұлым,
Кезіккен бәрі шаһит жолдағының.
Анаң да қайғы кешіп жатқан шығар,
Көтеріп жүрегінің зорға жүгін...
Жарығым,
Жабықтың не, зарықтың не –
Мені үйге қайта алмайсың алып бірге.
Бір күндік сәулесі мың жылға жетер
Жалт етіп өтті-ау, әттең, жарық дүние!.
Жер асты жұбатпайды бұл көңілді,
Жер үсті жырақтайды күнбе-күнгі.
Ешкімге айта көрме, айналайын,
Мұндағы көргеніңді, білгеніңді.
Жатқа да,
Тіс жармағын жақынға да,
Мен болып ғұмыр кешсін атым ғана.
Өйткені, қылығы бар кейбірінің
Сыймайтын санаға да, ақылға да.
Өзіңнен мән-жайымды сұрап алып,
Соңымнан түсер тағы шырақ алып.
...Қарағым, байқаймысың, көкжиектен
Керіліп келеді, әне, Күн ағарып!
Зар болып жарық әлем шырағына
Мен қалам,
Сен қайтасың тұрағыңа.
Көңіл бөл жалғызыма, Жарық дүние!
Өмір бер, Тәңір ием, ұланыма!..
* * *
Жақұт таң,
Аманбысың, Жарық күнім!
Саумысың, есенбісің, жарықтығым?!
Кешегі құрбан болған ұлдарыңның
Сәлемін келіп тұрмын алып бүгін.
Ақ сәуле,
Аманбысың, жақсы әлемім?!
Балаңның бір сәт көңілін бақсаң едің:
Кешегі арманда өткен ұлдарыңның
Алдыңа әкеп тұрмын ақ сәлемін!
Алқалым,
Аманбысың, жамағатым?!
Абызым, ақыл кені – дана қартым!
Сыймаған пешенеңе перзенттердің
Ақырғы әкеп тұрмын аманатын!
Жаужүрек жолбарысың, арыстаның,
Ақылман, аман екен арыстарың.
Жүр екен жүндей түтіп жұлысқанын!
Жүр екен алып ұрып алысқанын!
Ел қамын,
Ойлайды екен ел бірлігін,
Көңілдің, көк аспанның мөлдірлігін.
Көрмесе екен дейді ендігі ұрпақ
Жаттың да, жақынның да көлгірлігін.
Аспанға айқара ашып ақ түндігін
Ақбоз үй күтеді екен хақтың күнін...
Көрмеуін тілейді екен
ендігі ұрпақ
Жаттың да, жақынның да сатқындығын.
Қаншама бүлік көріп, бүлінді күн?..
Қаншама сабағынан жұлынды гүл?..
Көрмеуін тілейді екен
ендігі ұрпақ
Жаттың да, жақынның да зұлымдығын.
...Кеше гөр,
Анажаным, кеш ұлыңды,
Кешеу кеп ашып тұрмын есігімді.
Құшағым жеткенінше құшайыншы
Өзіңді,
Өмірұя – бесігімді!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу