Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  60


Автор: Исраил Сапарбай

ЕЛДI СҮЮ

Мен елiмдi сүйемiн!
Иә, сүйем!
Құлама құз,
Құзар шың,
Қиясымен..,
Жанарымның жасымен жылап аққан,
Қаламымның қанымен, сиясымен!
Сүйем оны мың құшып, мың аймалап!
Одан асқан жер бар ма шұрайлы, абад?!
Талып түсер жайым жоқ Жұмағыңа,
Тас төбемде тұрса да Құдай қарап!
Сүйем оның таспа жол, тау-тасын да,
Маржанын да теңiздiң, малтасын да.
Аспандағы Айын да, алқасын да,
Дастандағы Қаракөз, Қамқасын да!..
Сүйем оны...
Кейде жек көрiп тұрып,
Қара жерге өзiмдi көмiп түрып,
Үкiлеген үмiтiн үндiстердей
Жер бетiнен кетсе де өлiп, құрып...
Сүйем оны,
Дос күлiп, қас таласып,
Тауқыметiм жатса да бастан асып!
Бар мұңымды,
Аяулы ән-жырымды,
Тағдырымды кеткенше тасқа басып...
Сүйем оны,
Себеп жоқ сүймесiме
Қарап тұрып қалқаның түймесiне.
Байшыкештiң баз кешiп бау-бағынан,
Бикешiммен барсам да би кешiне.
Сүйем оның шарбағын, шалдарын да,
Бау-бағын да, ауылдың аумағын да.
Көлiм жатыр көзiмнiң көзесiнде,
Қорым жатыр ауылдың аржағында...
Мен елiмдi сүйемiн,
«Неге?» деме.
Елемесең, қол созам селебеге!
...Ер Едiге,
Ер Төстiк,
Ер Тарғыннан..,
Ертегi айтып беремiн немереме!
Ертегiнi сүйедi нағыз бала!
Абызға да әуес ол, аңызға да.
Отан деген – өз үйiм, ұяжайым,
Үй iшiнiң ұйытқысы – жаны iзгi ана.
Мен елiмдi сүйемiн – жан Отанды,
Балапанның ұясы – Қараталды!!!
Амандығын тiлеймiн жатсам-тұрсам,
Жайып тұрып Аллаға алақанды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу