Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  87


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАЙРАТТЫҢ МОНОЛОГЫ

Тiл қатсам тiршiлiкке қара түннен,
Құлағын құлдық ұрып Ана түрген...
Мен бүгiн ақ қанатты перiштемiн,
Су сеуiп жүрген Жерге қанатыммен.
Алланың осы болды бұйырғаны –
Аттандым ахиретке қиырдағы…
Жетектеп жер түбiне кете бардым
Желегi желбiреген Жиырманы.
Көргенiм түсiм бе едi, өңiм бе едi?
Көп сырым қалды айтылмай көңiлдегi.
Қайрылды қапылыста қанатынан
Қаршығаң қалқып ұшқан көгiңдегi.
Күн көзiн,
Көрмегелi Ай қабағын,
Таусылды тар табытта айла-амалым.
Келедi ағаларға еркелегiм,
Келедi аруларды аймалағым.
Қаракөз қазақ қызы – шырын балым,
Сендер деп шырылдады-ау шыбын жаным!..
Көргенше көзiм менiң шықса неттi
Бiр талы қолаң шаштың жұлынғанын!
Жiгiттiң сендерсiңдер намыс, ары!
Намыссыз елдiң бастан бағы ұшады.
Азатшыл бұл қазақтың, амал қанша,
Туған жоқ Абылайдай арысы әлi!..
Ежелден қыз қорланса – ер кiнәлi,
Жiгiттi жiгерсiздiк жер қылады.
Азат күн – арым деген, жаным деген
Қазақтың болса кәнi соңғы ұраны!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу