Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  76


Автор: Исраил Сапарбай

Тағы бiр гүлiм солды ғой...

Тағы бiр гүлiм солды ғой,
Тағы бiр күнiм өлдi ғой.
Баяғы қазақ – сол қазақ,
Баяғы Құдай – сол Құдай!
Қанша жыл салдым араға…
Жаңарған – жалғыз замана.
«Ананың көңiлi балада,
Баланың көңiлi далада».
Алтын ба,
Жез бе,
Қола ма –
Көргенге көңiл тола ма?
Әурелi күндер қала ма?
Сәулелi күндер бола ма?
Қанаты сынық, Шағала,
Сабала көлдi, сабала!
Шағала – менiң көңiлiм,
Түсесiң қашан сабаңа?
Көз сатпай арғы жағаға,
Жағадан арғы Далаға,
Барыңды сен де бағала,
Жоғыңды сен де шамала.
Сарайдың iшi самала,
Маңайдың түсi сарала.
Салбауыр бұлт, салқын күз
Санаға салмақ сала ма?..
Тұз сеуiп жанды жараға
Жағадан жауым ала ма?
Кәззәптiң кәсiп, нәсiбi
Азаптың алды ғана ма?
Саламын сауал данаға,
Саламын сауал санама:
Бiздiң де жүйрiк шаба ма?
Бiздiң де жұлдыз жана ма?
Маңайды маңғаз шолғымай,
Қарайды көктен солғын Ай.
Баяғы қазақ – сол қазақ,
Баяғы Құдай – сол Құдай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу