Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  104


Автор: Исраил Сапарбай

ТОЙҒА БАРҒАН ҚАЗАҚТАР

Дастарханымызда ащы да тұщы жетерлiк,
Бiз жайлы, апыр-ай, не ойлады екен бөтен жұрт?
Жетiге келген көктегiрге де көтердiк,
Жетпiске келген көкбөрiге де көтердiк.
Дастархан үстi – ағыл да тегiл, аста-төк,
Қағiлез неме қарияға отыр «қасқа» деп.
Намыссыз елде намақұл аз ба, нас та көп,
Осындай ма едi кәрiге қайыр, жасқа әдеп?
Қазақы тәнде қаситын бүгiн аз қотыр,
Мәнiссiз, мәнсiз мақталса тойда, мәз «батыр».
Байбәтшам, бүгiн бар жиғаныңды шашып-төк,
Ал ертең… ертең саныңды соқ та сазға отыр!
Өкпең өшкенше өжеттен!
Қалма кезектен!
Адыра қалған Атаңды кiм бар сөз еткен?
Бейбiт те бейқұт бес күндiк мынау жалғанда
Бiр күндiк Бура болғанға, шiркiн, не жеткен?!
Пешенелiм-ау, перiште болсаң мiн бе екен?!
Iбiлiстi ертiп алдыңнан сенiң күнде өтем.
Ей, Виночерпий! Ащыңнан анау құй, кәне!
Немене, сенше мен қазақ емеспiн бе екем?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу