Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  497


Автор: Исраил Сапарбай

ҚАЗАҚТЫ ЖАҢАША ТАНЫСТЫРУ

Қазақтың құшағы кең Даласындай!
Көрiп пе ең көлпар елдi дәл осындай?!
Өмiрi – өткендердiң өткелiндей,
Көңiлi көк пен жердiң арасындай!
Саз кернеп өне бойын сардаланың,
Жеткiзген жер түбiне арман-әнiн.
Сiбiрлеп атқан таңнан,
Батқан күннен
Қыдыр деп қабылдаған әр қонағын.
Көлденең көкаттыны жат санамай,
Алдыңнан ақ жарылған ақ босаға-ай!
Ерiнбей ел қыдырған ерiң де сол
Астынан алты ай бойы ат босамай.
Қазаққа тар келедi қай қала да,
Қайран-ай, қайда жайлау?
Қайда дала?..
Тәңiрдiң талбесiгi – таңсәрiден
Аңсарың ауып тұрар айдалаға...
Қолындай Қарымбайдың қалтылдаған,
Сараңның айтпай-ақ қой салтын маған.
Мейманның сыбағасы қап түбiнде,
Қап түбi қазан барда сарқылмаған!
Хауа ана қауызынан жаралғалы,
Қазақтың бiр азығы – ағарғаны.
Ошақтың оты өшпеген,
Обыр, жебiр...
Орыстың қаптаса да қара орманы!.
Ұлы жұрт,
Ұлан-ғайыр,
Ұлан Дала.
Жетедi қыранға да, құланға да!
Қазанның тұтқасына ие болған,
Қазақтың несiбесi бiр Аллада!
Астынан алты қырдың таң атқандай,
Таң нұры тауға алтын жалатқандай!
Сол Алла ағыл-тегiл пейiл берiп,
Қазақты Атымтай ғып жаратқандай!
Бұлбұлдың кiмге керек тордағы әнi?
Самал да сағынбай ма сардаланы?!
Тағдырын Алласына табыстаған
Азат ел әлiмсақтан сол болады!
Өтедi,
Өтедi әлi заман қанша...
Артыңда, арманың не, балаң қалса?!
Қазақтың Тайқазаны жұтамас-ау,
Сол Пейiл,
Сол Атымтай аман болса!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу