Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  82


Автор: Тұрсын Жұмаш

АҚЫН РУХЫН ІЗДЕМЕҢДЕР... МОЛАДАН

Мен бір күні Балқантаудан асқанда,
рухым ұшып кетер сіңіп аспанға,
Бүтін денем бөлектеніп өзінен
Ғайып болсам Адамдардың көзінен,
Құтылармын деп ойлаймын сөзінен...
Құтылармын деп ойлаймын алайда,
Жалғыз өзім адасамын қалайда.
Құстар болса мен солармен үндесем,
Жұлдыздардан көзіңді алмай түнде Сен
Жалғыз өзің күйіп-жанып төсекте
Төтеп бере аласың ба өсекке?!
Кездескенше жанымды ұғар туысым
Мен армансыз кезем аспан қуысын
Біреу ұғып, біреу мейлі ұқпасын
Ақындардың рухы осында мықты-асыл!
Аспан болса Ақындардың мекені
Белгілі ғой кімдер құдай екені!..
Көретін де шығармын-ау, талайын
Олар мені қабыл алса қалайын!..
Аяулы ақын Мұқағали осында,
Осында ғой Шәкәрім мен Абайым!
Пушкин тірі... Лермонтов қасында,
тірі бүгін Сәкен, Мағжан, Қасымда!
Саңқылдайды Айбергенов Төлеген...
Ақындардың рухы өлмейді расында!
Мүсін болып құйылса да қоладан,
Ақын рухын іздемеңдер моладан:
Ақындардың мықтылығы - Құдай-Ол,
Ақындардың осалдығы... ол - Адам!
Астана алыс, Аспан алыс, алыс Қыр,
Сырласатын көрінбейді-ау таныс бір!
Ей, Алтын Күз, Сері Тұрсын мен болам,
Балқантаудың Қорланымен таныстыр!
Әлі күнге естімеген атымды,
Қандай Қыз Ол, оқытшы оған Хатымды!
Балқантауда Қыз тумас а Қорландай,
Бұл топырақ қалай туды Ақынды?!
Хатымды оқыт , оқымас а тағы ұсын,
Қайтер екен, қайрап көрші намысын!
Қыз-Қорланым қор болмаса болғаны,
Мейлі мені танымасын, танысын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу