Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  50


Автор: Тұрсын Жұмаш

МҮМКІН ЕМЕС

Көрсете бермеңдерші суық пішін,
Жүрегім ақын болып туыпты шын.
Қатар жүрген қайғысыз кей адамнан
Биік ұшқан ақ құсым жуықпысың?
Айта-айта жалықтым ай, күн барын,
Ақын болып туған соң қайғым барын.
Сальери ұсынған шарапты ішіп,
Кім біледі өлерін қай күн дарын.
Айта-айта жалықтым таза ақын деп,
Бұл өмірге қонақпын аз-ақ күн деп.
Қара жердің түскенше түнегіне
Қара дүрсін ойлардан азатпын деп.
Аппақ қарды ақырын уыстаймын.
Аппақ қар деп сұп-суық су ұстаймын.
О, адамдар, мен осы сендерге емес,
Аппақ қанат құстарға туыстаймын.
Көзім алды қара орман, дүркін елес.
Қара орман дегенім құлқын егес.
Құсқа айналып шынымен кетсем ұшып
Қайта оралып қонуым мүмкін емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу