Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  102


Автор: Тұрсын Жұмаш

ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР

Мені біреу аусар ақын демесін,
Көзімді ілсем көрем Қыздың денесін...
Қыз болған соң асқан сұлу, ерікті -
Қолаң шашын төрт елі етіп өріпті...
Қалу үшін сол қалпында қымбатты,
Қалуы үшін қалпында сол сымбатты
Шыдамасын біліп өсек-атысқа,
Құсқа айналып кеткен ұшып батысқа...
Көкірегімде қалды жүрек белгісі,
Көретінім... келіп жүрме, келгісі...
Көк аспанға қадап көп күн көзімді,
Мен бір түрлі сезінгенде өзімді
Көз алдымда сан түсті өмір ауысып,
Көріністер... төзімімді тауысып -
Тұрғанымда жетті үні-дауысы:
"Көздеріне толса жасы күйіктің,
Мен өртеніп бара жатам сүйіктім!
Тұрып алам көздерінің алдында,
Жер бетінде жетімсіреп қалдың ба?!
... Тұрып алам көрмесін деп өзгені,
Сенің кеудең алтын толы сөз-кені!
Көрсетем деп сол бір байлық Атасын
Жалғыз өзің батып бара жатасың...
Жалғыз өзің жылап бара қаласың,
Жалғыз өзің құлап тұрып аласың...
Сені жаным мүмкін емес түсіну,
Сен өйткені жұмбақ ақын баласың!
... "Алыста емес шығар осы арамыз,
Кеңістікте қатар ағып барамыз.
Жазылмайтын шығар осы Адамзат,
Жазылмайтын шығар осы жарамыз" -
деген сөзі қалды жүрек-етімде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу