Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  74


Автор: Әлима Ысқақ

Іле жағасында

Көрікті Іле, келіп тұрмын жағаңа,
Сыңқылдайды аққу қазың тарана.
Толқыныңа қанат жанып самғайтын,
Мен-дағы бір айдын құмар шағала.
Сәлем берем сол көңілден саңқылдап,
Арайлы аумақ, құтты мекен, алтын тақ.
Толқының ел шаттығындай телегей,
Ән сапыртып, күй қотартып шалқымақ.
Алқаптарың гүлді манат киінген,
Мыңғырған мал, миллиард байлық үйілген.
Ел мен жердің әрі, нәрі, туысы
Мама екенсің емірене иіген.
Тарих көші кешкен кеше өткелің,
Кім ұмытар қан мен жасқа бөккенін.
Ол кез сен де қаһарыңа мінгенде,
Бет келгенді қи сыпырып бөктердің.
Шу асау ең, сипалмаған сауырың,
Елпек етті құдыретті дәуірім.
Құлындайын ноқталанған шағыңда,
Басына да бардым «бие бауыңның»
Текес, Күнес, қас тоғысқан арнаң бал,


Төге салған үзім, өрік, алма, анар.
Алтын сәуле айшықтаған түніңе,
Ай жанарын көрсетуден арланар.
Толғантады жойқын, жомарт ағысың,
Гүл Іленің бойындағы қанысың.
Каусарыңнан жұтты қанша арысың,
Атой салған ұрпағының бағы үшін.
Туындатқан жан дүниемде сан арман,
Арыстардың шежіресіне қана алман.
Сол рухтар ізіне өнген қасиетті,
Жыр гүлдерін теріп келем жағаңнан.
Болмасам да арнаңдағы құндызың,
Айдыныңа қонақтаған жұлдызың....
Керегіңе терек болып жығылған,
Дәм-тұзыңды татқан мен де бір қызың.
Бір қызың боп сайран салдым жағаңда,
Жете білгем қадыр- қасиет, бағаңа.
Үңілдім де білікты ойлы данаңа,
Асыл қасиет, арман ектім санама.
Бүтін бірлік шат өмірді ардақтап,
Қарсы алғанмын өзіңде сан таңды аппақ.
Жайсаң жаным алқабыңдай жемісті,
Арманымның ақ сұңқарын самғатпақ.
Қызың бүгін шалқып санат құрады,
Күмбірлетіп күй құлағын бұрады.
Көкірегімнен құла тасқын-құла жыр,
Сарқырамаң секілденіп құлады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу