Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  127


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Менің әкем

Бір өзі – дүниенің бәріне тең,
Жайдары,
әзілге ұста,
жаны да кең.
Гүрсілі сом балғаның төске тиген
Жүректі жарып шыққан әні ме екен?!
Шіркін-ай,
адам болса,
әнін ұғар,
Еңбекке дерсің оны жаны құмар.
Кішкентай құс кеуде мен күс білекте
Жастықтың жанып тұрған жалыны бар.
Бармайды ауыз, шіркін,
кәрі деуге,
Шыдайды неге болсын әлі кеуде.
Сексенді бұйым көрмей,
еңсеріп жүр,
Қайранмын қайратына бәрінен де.
Білекте,
бұлшық етте қару-қайрат,
Қолында құбылады жалын ойнап.
Қашаннан жаңалыққа үйір кісі,
Жүреді шартараптың бәрін ойлап.
Бір өзі – дүниенің бәріне тең,
Жайдары,
жарқын мінез,
жаны да кең.
Ұстада көрік басып,
балға соққан,
Еңбекпен кәрі жолдас – менің әкем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу