Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  58


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Бақыттың құсы тұғырын біліп қонар

Бірінші өлең
Келгенімше өмірге у байланып,
Болсам еді мүлдем жоқ,
тумай қалып.
Аты-жөнім ұмыт боп кетсе жақсы,
Бұқтырманың бойында буға айналып.
Жүргендеймін жарыққа келіп бекер,
Аш-арықтай шегіртке теріп кетер.
Жаңа жауған қардай боп аты-жөнім,
Шың-құзында Алтайдың еріп кетер.
Бола қалсам айыпты,
ел кешірер,
Болып жатсам жазықты,
жел де есірер.
Аты-жөнім жуылып-шайылмай-ақ,
Жаңбыр суы секілді жерге сіңер.
Бақыт құсы тұғырын біліп қонар,
Тұғыр бола алмайды шұрық томар.
Тарқамайтын Мұзтаудың бұлтына енсе,
Аты-жөнім ертең-ақ ұмыт болар.
Тыныстаса тіршілік ширап демі,
Жалтылдай ма, қайтеді, бұйрат, тегі?!
Ертеңіме қиналып тұрғамын жоқ,
Ширықтырған бүгінім қинап мені.
Тіке шапшып ұшардай алғаш құсы,
Қаз тұрғанның келетін жер басқысы.
Табаныңды аңдушы сәтін күтер
Балағыңа ұмтылып жармасқысы.
Сыртқа теуіп,
ішкен соң іштегісі,
Кептіргендей кеуегін құс терісі.
Күшігінен қағынған жаман неме
Балтырыңнан келеді тістегісі.
Өрмекшінің торындай өзгерісі,
Кәйіп жандай кереғар сөз бен ісі.
Мерген болса...
ұрымтал талмау жерден
Келер еді қапысыз көздегісі.
Ұмтылғанмен биікке қол артқысы,
Ұттырмай жүр бақыттың жомарт құсы.
Билігі жоқ,
әйтпесе жер бетінен
Сені бүтін келгендей жоғалтқысы.
Қызғанышқа бармайды қыр барысы,
Бүгілмейді ішіне тырнақ ұшы.
Бүгінімді ертеңге жалғастырар,
Менің қорғап жүргенім – жыр намысы.
Өтпеді ме уақытым текке менің,
Жинақталмай жеткенім, жетпегенім?!
Ертеңіме қиналып тұрғаным жоқ,
Бүгінімді қорғайын деп келемін.
Мәңгі маған адал боп қал,
жұптасым!
Жасым жетпей жүнжітіп алжытпасын!
Айналармын тозаңға ажал жетсе,
Тірі жүрсем,
атыма шаң жұқпасын!
Аума-төкпе заманға сұрау түстей,
Шығарылмас қорытынды сынау піспей.
Бүгінімді бағыштап ертеңіме,
Өтсем деп ем атыма қылау түспей.
Зейін болар тереңді ұғынатын,
Кейін қонар бақ-дәулет құбылатын.
Жақсылықтың жолында құрбан болып,
Жарқырасын жалтақсыз бүгін атым.
Қызықтырып өмірдің бар жақсысы,
Кімнің ғана келеді алжасқысы?!
...Беу, Кәкем-ай!
Бәріне өзің куә...
Іні досым болсаң да он жас кіші!
Екінші өлең
Айтайын десем – атың сөнетін,
Айтпайын десем – қатын сенетін
Сөзді естідім.
Тыңдайын десем – сағың сынатын,
Жырлайын десем – жалын шығатын...
...төзбес тілім.
Кетейін десем – өз үйім еді,
Кетпейін десем – сөз үйіреді...
Тыңдар құлаққа.
Арлы бет тозып қиналып бітті,
Арсыз бет қозып диланып күпті...
Ызғар бірақ та.
Намысқа тиіп оятып кекті,
Дауыс та күйіп боятып кетті,
Талғап тегімді.
Бір-ақ орғанына –тыңдап отырдың,
Куә болғаныңа шындап өкіндің...
Аулап көңілді.
Жазайын десем – ойға келмеген,
Азабын кешем пайда бермеген
Жегі ішім мүлде.
Көңілге келген өлең өрнегін,
Өрімдегеннен төге бермедім,
мені түсіндің бе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу