Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  87


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Заман сыры – уақыт жыры

1
Әміршілдік иіріп жіп ұршықтай,
Қаншама жыл тұншықтым,
үнім шықпай?!
Тәуелсіздік лебі есіп, қояр емес,
Тілді қаузап, намысым жыбыршытпай.
Ұмытылмас, ойсырай күйзелгенім,
Шөп басындай,
жел соқса, изеңдедім.
Бодандықтан арылып,
өнер бастап,
ән алтындап,
жыр өңдеп,
күй зерледім.
Желтоқсанмен тыныстар бауыр лебі,
Оралманның көрінді қалың легі...
...Заман сырын айта алсам тамыршыдай,
Аспандатып тұрғанда дәуір мені.


2
Мен кеше жүргендей ем бәрін біліп,
Айтушы ем білмегенге жалындырып.
Бағыттан адастырып мына заман,
Барады білгенімнен жаңылдырып.
Қоғамның заңға көнбей бос кісені,
Санайтын оңаша қап есті сері.
Жаңалық кірікпесе, көксейсің кеп
Ат құйрығын кесіскен ескішені.
Кім білген тарылар деп халық мұнша,
Көтермей еңсені езіп салық тұрса?!
Көрінбей бейберекет қайтуші еді,
Күн сайын шыққан көп заң жалықтырса?!
Жабығып зардап шексе кәрі, жарлы,
Байлардан табылар ма нағыз арлы?!
Істелген әрекеттер заңсыздықпен
Соңынан болып жатса бәрі заңды.
Тырашты төлеңгіттей қоршап бәрі,
Тырмысқан тастай кезең сол шақтағы.
Бетпақтар қылығынан ұялғандай,
Бетінен үзіліп тұр моншақтары.
Қаңбақтай домалатып өрге тасын,
Жалдаптай пайдаланып арғы атасын,
Торындай өрмекшінің заңсыздықты
Қалайша көріп тұрып жалғатасың?!
Десек те заң өзгерген, заман басқа,
Жайсаңдар өтті, кетті жау алмасқа.
Шындықты шырқыратып тіліп түсер
Жол берсек жарқылдаған ақ алмасқа.


3
Тез өзгергіш заманда сыралғы не,
Жүрсе көптің аузында бір әңгіме.
Сан саладан қиысқан шырқайтын шақ
Экологияға арналған жыр-әнді де.
Кептелгендей кеңістік улы газға,
Ойдың жеңіп алмайтын қулығы аз ба?!
Тегі берік болса да, жаны нәзік,
Шыдай алмай солады гүл біразға.
Гүлден тарап жатса да әсем есім,
Бұзылғандай ауадан бәсең есің.
Ұйықтап жатып, түс көріп талқылаймыз
Экология – тазалық мәселесін.
Хиросима жолдаған есіл хатты-ай,
Невадада уланған жасыл бақты-ай!
...Семейімнің оңалар кезі қашан,
Экология кетер ме шешім таппай?!


4
Не жетпейді?
Жауласқан дұшпандаймыз,
Ақыл емес,
алдымен күш таңдаймыз.
Кеңістікті толтырып улы газға
Тәжірибе жасалған тышқандаймыз.
Қасіретті шексек те,
ұғынбаймыз,
Жүйкені де құр басқа шығындаймыз.
Сүйрелеген боқтыққа ызың қуып,
Үймелеген қоқсыққа шыбындаймыз.
Оян, қазақ!
Жар салса,
оянбаймыз,
Әншейінде керемет жояндаймыз.
Сыбдыр шықса селкілдеп қоя берер
Тәжірибе жасаған қояндаймыз.
Шын жылайтын сәт туса,
күлкі дейміз,
Сірі жанды қасаңбыз – түрпідейміз.
Біле тұра қамқорлық өзімізден,
Бірін-бірі аулаған түлкідейміз.
Екеу ғана жолықсақ,
тасқындаймыз,
Күпінген соң,
қалайша асқынбаймыз?!
Ұяласын жеп қояр ашыққанда
Жақынына тасбауыр қасқырдаймыз.
Іштей аңдып бір-бірін
қалыс қалмай,
Сыңайы бар бәрінің алысқандай...
...Осындайда ақсақал қажет, сірә,
Отыратын ақырып арыстандай.


5
Өте берсін бұл жалған – бір күн елес,
Жақсылықты халқына кім тілемес?!
Қордаланған көп ойлар айтқан сайын
Түгесіліп бітуі мүмкін емес.
Тегіңді айту – ұл үшін ғажап міндет,
Тұрғызғандай алаңға азат діңгек,
Айды аспанға шығарып Желтоқсанда,
Ал одан соң айта алмай қазақпын деп.
Ұлтыңды айтсаң, көрініп бұзық істей,
Өзіңді-өзің кеміріп, мүжіп іштей,
Нашақор да атандың, маскүнем де,
Ызалансаң, қайтесің қызып ішпей?!
Ұлтымызбен жалғасып жүрді мазақ,
Содан кейін атанып жынды қазақ.
Өткенімді тәптіштеу – ұзақ тарих,
Мүлдем ұмыт болар ма қырғын азап?!
Қызғаныштың асылды құрты үңгімей,
Түбі айтылар қазақтың ұлты үлгідей...
...Талай ғасыр азабын халық кешкен
Ұмыт болып кетер ме бір күнгідей?!


6
Қол арбадан отырып от кемеге,
Жылымықтан жеткенше көктемеге,
Ұлттық сана қай кезде естен шыққан
Күлтөбеден шыққанша Көктөбеге?!
Ауысқанша тулатқан жайлы орынға,
Кедейліктен өткенше бай болуға,
Ана тілі қай жерде қашан қалған
Төретамнан барғанша Байқоңырға?!
Ұшырамай ешкімнің қаһарына,
Ұмтылғанда зиялы ел қатарына,
Ұмыт бола жаздапты ата салтым
Тайқазанды көргенше ата мұра!
Тіл білмесе не демес азат өрен,
Кем санайтын өз ұлтын таза төмен.
Ұлтымызды қорғаған қорланғаннан,
Қасиетіңнен айналдым қазақы өлең!
Мәйегіне зер салып тізбек жырдың,
Тарихына үңіліп жүздеп жылдың,
Табанымның астына көп үңіліп,
Қасиетін қазақтың іздеп жүрмін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу