Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  87


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Туған жер

1
Өзіңде менің мұң-қайғым,
Өзіңнен алам нұрлы айбын.
Тебіреніп кеткен кезімде,
Туған жер,
Сені жырлаймын.
Келбетің көзге ыстық-ақ,
Келемін содан ұшқын ап,
Жемісіңді жерден теріп жеп,
Жинаймын бойға күш-қуат.
Көгілдір тартқан тоғайың,
Көңілді соған орайын.
Елімнің басы болмай-ақ,
Жерімнің тасы болайын.
Кергіді баулып шың өктем,
Кезімнен сонау шыр еткен.
Құлайын болып бұлағың,
Құйылып жартас шүмектен.
Танысып, ұқсап егіле,
Табиғат атты тегіме,
Тигізсем пайда еліме,
Тау-тасты туған жеріме.
Өзіңде менің мұң-қайғым,
Өзіңнен алам нұрлы айбын.
Тебіреніп кеткен кезімде,
Туған жер,
Сені жырлаймын.
2
Қарсы алдымда тұрды ауылым гүл жайнап,
Шүпірлеген малға толы нұрлы аймақ.
Қуанады сағынышты жүрегім,
Сезім, шіркін, сөйлетпейді-ау тіл байлап.
Жинап алып гүлдерінен ең нәзік,
Ұсынады кең көсіліп ен жазық.
Жартасына,
әр тасына үңілем,
Туған жердің суреті де нәрлі азық.
Қыздырынып
күнге төсеп арқасын,
тік шаншылып қасқайып тұр марқа шың.
Бұқтырманың өр толқынын құлаштап
Қызуым мен
сағынышым тарқасын.
Шежірелі туған өлке нұр сипат,
ажарыңды әнге қосып жүр шырқап.
Ақша бұлттың алақаны
Алтайдың
аппақ басын еркелетіп тұр сипап.
3
Ассалаумағалейкум, ауыл-аймақ!
Жатыр ма қызу еңбек жалын ойнап?!
Кәрі-жас шұбап кеткен өріс жаққа
қозы да мен келгенде жамырай қап.
Шуылы қой-қозының жамыраған,
Ішінде таныс кімнің әні маған?!
Біреуді біреу біліп танымайды
Ауылда...
Күйі бөлек дабырадан.
Ортаңа кеп қалғанда дәмің айдап,
Мың алғыс пейіліңе,
ауыл-аймақ!
Үстелде тобарсыған ірімшігі,
Әжем де жүгіріп жүр сары майды ап.
Таулы өңір,
орманды алқап ойлы-қырлы,
өзіне қызықтырмай қойды кімді?!
Көрмесе шыңнан асып бұрын,енді
Самғайды ғарыштарға ой бүгінгі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу