Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  64


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Менің бақытым

Тілдей бетте өмірім бүкіл менің,
Ештеңені қиратып бітірмедім.
Ой ширатып, түзеліп пікірлерім,
Орналасты қисайтып үтір белін.
Бір нүктенің сөйлемін бүтіндедім,
Бір сөйлемді жөнге сап түтудемін...
...Балғын сегіз баланың әкесімін,
Тоғызыншы бір ұлды күтудемін.
Бес ұлым мен үш қыз бар қазір менде,
Адамдыққа талпынып әзірленген.
Уақытым зымырап өтіп жатыр,
Балаларды ойнатып, әзілдеумен.
Сомбреро қалпағы – күн қағары,
Тоғызыншы, сеземін, ұл болады.
Жөні бөлек ырымның, бара жатыр
Түтінімнің биіктеп мұржалары.
Тәуба, тағдыр бергендей кіл жаңаны,
Тайқы біткен маңдайдың тұр жауабы.
Төңіректеп шықпай жүр балаларды
Пырақ болып ұшуға бір жабағы.
Жанұямда болардай алты ұл, үш қыз,
Жарылқансақ, әлемдік тартылыспыз.
Тірегіміз – әрқашан бейбітшілік,
Тілектеспен кіндіктес, жан туыспыз.
Құлдыраңдап ойнаса тоғыз балам,
Қырға сүйреп шығарар өгіз болам.
Қиын емес асатын асқар тау да,
Бұйым болмас кешетін теңіз маған.
Қалыптасар жасынан ең ізгі адам,
Қасиетті жап-жатық негіз бағам.
Балалар деп толғайды сыбызғы-тау,
Балалар деп сызылтып қобыз-далам.
Қайғы жоқта қанағат қара су да,
Не жетіпті таласып, санасуға?!
Маған біткен байлық пен бақыт түгел –
Менің тоғыз баламның анасында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу