Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  115


Автор: Гүлжаһан Қыдырмоллақызы

Құс қайтқанда

Қайтқан құстың тізбегіне қараймын,
Қараймын да мезгілді өткен санаймын.
Өмір-өмір, неткен келте қысқа едің,
Арманы боп өтіп кеткен талайдың.
Сыңсып салған ән іспетті кұз лебің,
Жанарымды жыл құсынан үзбедім.
Артта қалды-ау сайрандаған мекенің,
Айтшы құсым, алдан нені іздедің?
Кете бардың көк күмбезін жамылып,
Жерде тұрып аңтарылдым жабығып.
Жаутаңдадым жүдеу тартып көңілім,
Қалар ма екем оралғанша сағынып.
Қалдым бірақ қатарыңды алқап-ақ,
Ауырладым ой тізбегін арқалап.
Өлең-жырдың шумақтары тізілді,
Шабыт екен ағыл-тегіл шартарап.
Ізің қалмас көк жүзіне телмірем,
Оралар деп ойға қалай сендірем.
Өткен күндер көз алдыма келеді,
Әлде содан елес болған белгі ме ең?
Ораларсың мекеніңе - тұғырың,
Онда армандай аңсап келер тұр ұғым.
Бірақ-бірақ, мені қинай береді,
Оралмайтын өткен күндер ғұмырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу