Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  66


Автор: Гүлжаһан Қыдырмоллақызы

Халық

Неткен ұлы халық деген бір ұғым,
Осы ұғымға бас қоятын құлымын.
Халқым осы шөліркесем шөлейтте,
Сусындатқан беріп каусар тұнығын.
Халықта бар ұлылық пен даналық
Өз бойында не асылдың бәрі анық.
Қасиетті халық болып құралған,
Хау ата мен хау анадан таралып.
Жаратпаған тектен-текке халықты,
Тектілікті табиғаттан алыпты.
Нар толқынды алып теңіз күш сыйлап,
Көкірегіне күн құйыпты жарықты.
Шыншылдықты асқар шыңды таулардан,
Ойлылықты ойып алған орманнан.
Айта берсем мынау сырлы дүниеде,
Айырмасын халық сынды қормалдан.
Айрылғанда халық сынды қормалдан,
Нағыз жетім пенде болар сорланған.
Бүкіл әлем қасиеті халықта,
Шырқау шыңдай ұлылықпен сомдалған.
Адамдықты аттап жүрген масыл бар,
Одан шалғай ізгілік пен асыл бар.
Омақасып жүрмегейсің бір күні,
Әз халқымның жанарында жасын бар.
Кейбіреу бар теңеп өзін алыпқа,
Мастанатын жел көбікті даңыққа.
«Аспан асты аға шөнең мен» деме,
Әділеттің таразысы халықта.


Күн туса егер жаныңды отқа салатын,
Қара күштен қайырылып қанатың.
Қаһарымен жау айбатын сындырып,
Халқың осы арашалап алатын.
Қалт айтпайтын парасаттың иесі,
Халқымда бар қасиеттің киесі.
Мынау тірлік дүниеден, әлемнен,
Арылса екен ластықтың күйесі.
Халқым барда еңсем түсіп қамықпан,
Ешнәрседен кемдік көріп тарықпан.
Парызым көп қарызыңды өтейтін,
Мәңгі сені жырлаудан мен жалықпан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу