Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  73


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Өлең құдайы, сөз патшасы

Доңыз жылы – Тоқсан бес – биыл кірген
Жақсылықпен көп елді сүйіндірген.
Үлкен-кіші мереке толып жатыр,
Бәрін санап шығу да қиын бірден.
Жолаушыға қазақтың жері – бекет,
Басынбасын өңмеңдеп еліме кеп.
Әз Жәнібек, Кереймен құрған дербес
Бес жүз отыз жыл бұрын мемлекет.
Бабам қашан қала сап, қоғамданған,
Боздап жатыр көбейіп содан да арман.
Бұтарланып бірнеше губернияға,
Отарланып патшаға бодан болған.
Кедергіге кездесіп талай тынған,
Кемелденген асыл ой көп айтылған.
Даналығын қазақтың қорытындылап
Айту үшін данышпан Абай туған.
Қара өлеңнің Абайды сойы десек,
Шарт болар ма үйлесім бойына есеп?!
Даналықтың үлгісі – әр шумағы,
Әр тармағы мақалдай ойы кесек.
Олқы түссе жолатпай шиыра теп,
Ойсыз сөздің дегендей күйі мәпет.
Абай қалай қиюын жымдастырған,
Сөз батпанын балуандай иіп әкеп?
Шырқау ойдың топта озған боз дарасы,
Даңғыл жолда ап-айқын көзқарасы.
Дана бар ма қазақта одан өткен,
Абай – өлең құдайы, сөз сарасы?!
Қуаң тартып әркімнің өз бақшасы,
Әр дәуірдің ескіріп тозды ақшасы.
Ескірмейтін дана кім одан асқан,
Абай – өлең құдайы, сөз патшасы?!
Жалаң айтпай ойының желең түбін,
Түсінетін болдық па терең тілін?!
Мазмұны мен маңызын орай тастап,
Абай қалай өзгерткен өлең түрін!
Өнер – өлшем, ақынға ғылым – қазы,
Айтқан шындық – ақиқат ұранпазы.
Қай-қай жағын қалдырмай қамтып айтқан
Абай – қазақ ойының білімпазы.
Өз сөзінде ақыл-ой, бар ұстамы:
“Мыңмен жалғыз неліктен алысқаны”.
Қайталанса, мың жылда бір туатын
Абай – қазақ халқының данышпаны.
Бәйтерекше жайқалар жас талшығы,
Дариядай көлдетер тас тамшыны.
Оқи берсең, биіктеп шырқап кетер,
Абай – қазақ сөзінің асқар шыңы.
Айту қиын түгесіп, қозғап бәрін,
Көтере алмай қайқаңдай сөз батпанын.
Енді мүлде жараспас созбақтауым,
Абай өзі жеткізген өз мақтауын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу