Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  88


Автор: Шәдәт Нұрсапақызы

Әке жолы

Көргемін жоқ біреуге жағатсынып,
Жағатсуды деп білем ағат қылық.
Шен-шекпенді екен деп қызықпаймын,
Қанағатқа жеңдіріп тағат қылып.
Сан тауқымет жан әкем тартып көрген,
Миқынатсыз басқадан дән күтпеген.
Іргесінен май ағып жатса да елдің,
Байлығынан шайлығын артық көрген.
Аш-арық боп жүрсе де азар күліп,
Ар-намысты ұқтырған азан қылып.
Күнделікті от басын баласымен,
Талшығымен жататын базар қылып.
Жалғыз атын қаласаң түсіп беріп,
Марсимаған мал бітсе ісіп-кеуіп.
Аузын жалап әкімнің көрген емес,
Бұлаңдаған бұралқы күшік болып.
Салт жолымен бабамның бұрынғы өткен,
Жасап келем жасырмай сырым көптен.


Аштан өліп, көштен қап көргенім жоқ,
Көрмесем де күн үшін күлік жеп мен.
Менің кеудем көп елден басқа кеуде,
Жаннан өзге ар туын асқам өрге.
Әке сөзі әлі тұр құлағымда,
«Аштан өлсең өл деген, аттан өлме».
Қағыс қалып көргем жоқ ел көзінен,
Мінезімді бір тоға ел де білген.
Әке жолын көз аша ұстай қалғам,
Адал өмір кештім мен еңбегіммен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу