Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  97


Автор: Ермұрат Зейіпхан

АЙТҮРІК АРУ

(Айгүл Түркияқызына)
Қарағайлы, асқар, арал, қайыңды,
Үліңгір, Қанас, Мыңмарал, Аюлы.
Түсіңе кіріп Барқыт-бел, Іле,
Ойлаумен жүрсің өр Алтайыңды.
Жайлаудай жаның, жайғандай нәр-тұнық,
Көзіңнен бәрі тұрғандай айтылып,
Аялап өскен ақ арман – Айтүрік.
Айналдым тапқан анаңнан – Айтүрік.
Тербеген самал гүлдей қылықтым,
Жылыттың күндей, мұңымды ұмыттым.
Мейірің түссе мерейі асқан,
Бағы ғой сені сүйген жігіттің.
Жайлаудай жаның, жайғандай нәр-тұнық,
Көзіңнен бәрі тұрғандай айтылып.
Жанындай – жанын сезінген – Айтүрік,
Мақтанар елің өзіңмен – Айтүрік.
Ауылдан алыс апыр-ау десіп,
Қаламыз кейде... жасырам несін.
Тербетер әлі жатсынбай сені –
Алатау, Арқа, Атырау бесік.
Жайлаудай жаның жайғандай нәр-тұнық,
Көзіңнен бәрі тұрғандай айтылып.
Ер жүректерді өртеген – Айтүрік.
Биіктей берсін мәртебең – Айтүрік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу