Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  82


Автор: Шәмшабану Қамзақызы

Қоңыр таудан келеді қоңыраулы үн

Баяғы туып-өскен қоңыр аулым,
Қоңыр таудан келеді қоңыраулы үн.
Сол үн бізді әлі де тербетіп жүр,
Жер ананың сыздатып омырауын.
Қоңыр тауда, иә, біз өскен едік,
Бал дәуренді баурында кешкен едік.
Қоңыр таудың күңгірін естіп бүгін,
Бағзы заман тұр міне еске келіп.
Қоңыр тауда, далада, қара нарда
Дейсіңдер-ау, дәл біздей сана бар ма?
Бейне адамша солар да сарнап бір сәт,
Бастан кешкен мұңдарын шаға алар ма?
Сол дала табиғаттың халын біліп,
Шығарып өн бойынан жалындылық.
Сөйлету, дәл солармен тіл табысу,
Жазушыға біткен бір дарындылық.
Оқысаң еңбектерін Жұмабайдың,
Аспанда жымыңдайды құлағы айдың.
Ал, жерде қоңыр таулар күңгірлесіп,
Келеді құлаққа үні құралайдың.
Бойында жазылмайтын жара бардай,
Жатқандай ыластықтан тазаланбай.
Бар табиғат қиналып, назаланып,
Боздайды мұңға батқан қара нардай.
Аспанда тау тағысы қырындайды,
Торғайлар безек болып шырылдйды.
Қайтсын-ай қайран дүние қайырымсыз,
Басқандай олардың да жырын қайғы.


Кекілік жан-жануар масасы да,
Тығылар адамзаттың тасасына.
Пана іздеу бұл арадан сор ғой оған,
Түспес пе, солардың кеп қашасына.
Жоқ шіркін, адамзаттың өзі де оңған,
Оңнан соғыс туылса, қырғын солдан.
Табиғатты талқандап, қырқысқанды,
Адамзат жасап отыр өзі қолдан.
Тағылық бұл ғаламды торлап алған,
Дүние-ай, беймазасыз бар ма жалған.
Баяны, тиянағы бар ма өмірдің,
Күтіп тұр қандай тағдыр мұны алдан?
Шүкірлік тыныштық бар біздің елде,
Шуағы табиғаттың біздің жерде.
Шыжақ болып қорғайық осы өмірді,
Бір күні жүрмесе екен кетіп селге.
Қоңыраулы үн келеді қоңыр белден,
Перзенттерін аймалап қоңыр желмен.
Биіктесін Жұмабай қаламыңмен,
Қоңыр тауың қормалың өзің келген.
Образ туар қарап адамына,
Жұмеке, жұрт риза қадамыңа.
Жесір әйел, салт еркек бәрі де қош,
Қарқын бітсін қарыштап қаламыңа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу