Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  96


Автор: Райхан Ібінқызы

Көз көргенім

Жүрмісің сау-саламат көз көргенім,
Жайымды түсінер ме өзге ел менің.
Қалушы ек қотыр тайдай қасынысып,
Сен сонда осы жайды сезген бе едің.
Сағындым әзіліңді жарасымды,
Көңілім оны ойласам аласұрды.
Басқаны ісімізбен баурап алып,
Күндер-ай, бөліп ішкен қара суды.
Жүруші ек топ ішінде серке болып,
Кішіге аға, үлкенге ерке болып.
Қатар жүрген күндерді аңсағанда,
Қалғанына қамығам келте болып.
Сыйласушы ек қаршадай бала жастан,
Шалдығып-шаршасақ та қарамастан.
Қарттықтың тұғырына орныққанда,
Сол сезім оралмайды ала қашқан.
Уақыт ұзап ол бір кез алыстапты,
Көзде лента сондағы барыс қапты.
Жұпар лебі анамдай аймалайтын,
Араласам бөгдемін таныс бақты.
Сағынышпен сол баққа қарай берем,
Қараймын да іңкәр боп талай келем.
Қадау-қадау көрінер көз көргендер,
Бөгделерден бөгделік рай көрем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу