Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  262


Автор: Тұрсын Жолымбетқызы

Қазақ болып, қазақша білмедім...

(Немерем Айдосқа)
Желкен емес, жел дейді кемеге сын,
Тарту ерлік өнердің жеребесін.
Поэзия дейтін бір тылсым күштің,
Он үш жаста қақтың сен терезесін.
Сезіммен ойладың ба суаруды,
Көңілдің кеберсіген кенезесін.
Шаңырағын шалқытып ұлтымыздың,
Өркениет көгерткен көсегесін.
Нелер қиын тарғалаң күн туса да,
Жықпай келген киіз үй керегесін.
Талпынсаң да білуге білмегенді,
Ұқпаушы едің қазақша тіл дегенді.


Өз ұлтының ұстазы болмаған соң,
Ықпалды орта билейді кімде-кімді.
Білмедің деп тіліңді сынамадым,
Жөн бола ма жосықсыз сынағаным.
«Қазақ болып қазақша білмедім» деп,
Жабырқатты жанымды жылағаның.
...Сен жыладың, құлыным, мен қуандым,
Жүрегімнен жол тауып бір жылы ағын.
Көз жасыңның мөп-мөлдір тамшысымен,
Ұлтыңның әйгіледің жан шуағын.
Оқу десе белдестің, жағаластың,
Бел көрінсе кідірмей белден астың.
Ел тілінен алған нәр ойыңменен,
Университеттің есігін айқара аштың.
Сонда да бір өкініш мазаңды алды,
(Бағы демей балғын тіл - бұла жастың).
Жасқанбай қиырдан да, қиыннан да,
Ана тіліңді іздеудің жолын аштың.
Біреуге жазық арман, жанға жайлы,
Ал біреу шыңға шығуды армандайды.
Алмаған әліппеден сабақ қиын,
Қанша шешен болса да тіл байлайды.
Түзеу үшін бұзбасаң кедергіні,
Үмітіңнің арқаны жалғанбайды.
Ана тіл дейтін биік шыңнан асқың,
Келді де бұл қадамды сәтті бастың.
Жеткенің әліппенің А әрпі ғана,
Тіл деген түпсіз теңіз-құла тасқын.
Дегенмен ізгілігі ізденудің,
Дәстүрлі салтыңменен амандастың.
«Өз тілінің өзегі талмас» деген,
Құлыным, ендігәрі жыламассың,
Тікелей түсіне алсам арманыңды,
Мен-дағы дүңше салып сұрамаспын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу