Өлеңдер ✍️

  07.09.2022
  291


Автор: Ахат ӘШУҰЛЫ

Арман

Ілбіп кіріп келеді іңір іргеден,
Шам шалқиды жел лебімен гулеген.
Шаңырақтан шоқы мойнын созады,
Хабар алып кел дегендей жыр менен.
Кірпік қақпай күтем жырды түнде мен,
Көрінер ме көкжиектен жыр – кемем?
Түннің тылсым омырауынан үзіп ап,
Жұлдыздармен көзді сүртем кірлеген.
Жыламашы, от жүрегім бұлқынба,
Қасиетті қара түннен жыр тыңда.
Қалам қолда,
Шам түбінде жатырмын,
Иек артып түн дейтұғын тылсымға.
Аққан жұлдыз ақ жолағын құрық қып,
Аластаймын нәрсіз ойды ұмыт қып.
Шам астынан күн астына ауысып,
Жатып емес, жазам бір күні тұрып тік!



31 тамыз 1998 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу